Биыл ақпанда Ресей Украинаға басып кірген уақыттан бері Қырғызстанның Киевтегі елшілігі 744 қырғыз азаматының соғыс ошағынан шығуына көмектесті.
Қырғызстан сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев 27 шілдедегі баспасөз конференциясында осылай деп хабарлады.
Оның айтуынша, соғыс жүріп жатқан аймақтардан шығарылған 566 азамат Қырғызстанға оралды, қалғандары Украинаның басқа да облыстарына немесе Еуропа елдеріне кетті.
Министрдің мәлімдеуінше, көрші елдегі қаңтар оқиғасы кезінде Қырғызстанның Қазақстандағы елшілігі 300-ден аса қырғыз азаматына бұл елден шығуға көмектескен.
Бұған дейін хабарланғандай, Украинада 680 қырғыз азаматы консул есебінде тұр. Елшілік мәліметінше, Украинада шамамен 1350 қырғыз азаматы жүр. Бұл елде әскери қимылдар басталған уақытта қырғыз азаматтары Венгрия, Польша, Молдова, Румыния, Болгария және Түркия арқылы Қырғызстанға эвакуацияланған.