Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Кремль Донбастағы жағдайдың ушығып жатқанына алаңдайды деп мәлімдеді.
«Украина тарабы соғысқа итермелейтін арандату әрекетіне баруы мүмкін. Мұны әрине көргіміз келмейді», — деген Песковтың сөздерін «Интерфакс» агенттігі берді.
«Кремль өзін өзі жариялаған Донецк халықтық республикасына әскерін жіберуі мүмкін бе» деген сұраққа Песков «осыған дейін Донбаста болған азаматтық соғыс жайында» айтқысы келгенін меңзеген.
Осының алдында Украинаның Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Руслан Хомчак Ресей шығыс шекараға қосымша әскерін жіберді. Онда қазір төрт мыңға жуық орыс әскері бар деп хабарлаған.
26 наурызда Донецк облысында Ресей қолдау көрсететін сепаратистер тарабынан оқ атылып, төрт украин сарбазы қайтыс болып, екеуі жараланған.
Донбаста әскери қақтығыс 2014 жылдың көктемінде Ресей Украинаға тиесілі Қырым түбегін басып алғаннан кейін басталды. Содан бері әскери қақтығыстан кемінде он үш мыңнан астам адам қайтыс болған. 2015 жылы жанжалды тоқтату үшін Минск келісіміне келген. Батыс елдері Донбастағы жанжалға араласып отыр деп Мәскеуді айыптайды. Мәскеу болса, қатысымыз жоқ деп жауап береді.