Санкт-Петербург қаласындағы «Лахта-центр» құрылыс алаңында Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтарының арасында төбелес болып, 380 адам полиция бөліміне жеткізілген. Бұл жөнінде ВЧК-ОГПУ телеграм-каналы хабарлады.
Ақпаратқа қарағанда, төбелес 3 маусымда «Лахта-центр» асханасында басталып, кейін көшеде жалғасқан.
Тәжік мигранттарының «Озоди» радиосына жолдаған видеосында төбелес кезінде тараптардың темір бөлшектерін, тастарды және құрылыс заттарын қолдағанын көруге болады.
«Төбелес нәтижесінде бір қырғыз азаматы ауруханаға жеткізілді. 380 адам ұсталды, төбелесті ұйымдстырды деген төрт адам анықталды», — деп жазды ВЧК-ОГПУ.
Полиция олардың төртеуі де қырғыз азаматы екенін, бәрінің қамауға алынғанын хабарлады.
«Газпромнефть Шығыс Еуропалық жобалар» компаниясына тиесілі «Лахта-центр» құрылыс алаңында мыңдаған мигрант жұмыс істейді.
19 мамырда бұл жерде мигранттардың бір тобы ұсталған.