Ресейде Иркутск облысы Жигалов ауданындағы газ кенішінде 23 маусымда Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтары арасында жаппай төбелес болды.
Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, 500-ден астам адам қатысқан жаппай төбелес тұрмыс барысындағы жанжалдан шыққан. Қырғызстанның Ресейдегі елшілігі бес қырғыз азаматының жараланғанын, біреуінің ауруханаға түскенін анықтады.
Министрлік мәліметінше, Ресейдің құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Қырғыз елшілігінің өкілі Иркутск қаласына бара жатыр. Ол қырғызстандықтарға заң тұрғысынан көмектесіп, жергілікті құқық қорғау органдары өкілдерімен кездеседі.
Ресейде бұған дейін де еңбек мигранттары арасында бірнеше мәрте жаппай төбелес болған. 2022 жылғы қаңтарда болған ірі жанжал барысында үш адам пышақталған.
2021 жылғы желтоқсанда Мәскеуде болған жаппай төбелестен соң 400-ге жуық еңбек мигранты елден шығарылған.
2022 жылғы ресми мәлімет бойынша, шетелде 1 млн 118 мың қырғызстандық уақытша еңбек етіп жүр. Олардың дені Ресейде жұмыс істейді.