Задержание журналистов на акции протеста в Москве, 24 февраля 2022 года
Ресейдің ондаған қаласында бейсенбі күні Украинадағы соғысқа қарсы акциялар өтті. Билік оған рұқсат бермеген. Қалалардың көбінде акцияға қатысушыларды күш құрылымдары ұстады. ОВД-инфо мәліметінше, соғысқа қарсы акцияларда 1700-ден астам адам ұсталды.
Мәскеу мен Петербург қалаларындағы акцияларға бірнеше мың адам қатысты.
Ресей астанасындағы Пушкин алаңындағы акция кезінде Азаттық радиосы Орыс қызметінің үш тілшісі ұсталды. Тілшілердің бірі милиция ұстаған уақытта түсірілген видеоны жолдап үлгерді. Тілші полиция қызметкеріне өзінің БАҚ өкілі екенін айтып, одан күш қолданбауын сұраған. Журналистердің жаппай акция кезінде жұмыс істейтін құжаттары болған.
Тілшілерді «Кунцево» ішкі істер департаментіне жеткізіп, бірнеше сағаттан соң босатты. Оқиға орнында жұмыс істеген басқа да тілшілер ұсталғаны мәлім болды.
Baza Телеграм-арнасының дереккөздерге сілтеме жасап хабарлауынша, астаналық полиция арандатушылық әрекеттерге қарсы қатаң әрекет етуге, мысалы, Украина туын немесе соғысқа қарсы өткір сөздер жазылған плакаттар ұстап шыққандарды ұстауға тапсырма алған.
Наразылық акциялары Ресейдің басқа да қалаларында өтті. Санкт-Петербург көшелеріне мыңдаған адам шықты. Бұл қалада кем дегенде 400 адам ұсталды.