Ресейдегі Комсомольск-на-Амуре қаласындағы техникалық университеттің әкімшілігі тәжік студенттері мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері арасында жанжал болғанын растады.
Алайда университет ректоры Эдуард Дмитриев студенттердің бәрін соққы жыққан деген мәліметті жоққа шығарып отыр. Оның айтуынша, жоғары оқу орнында көші-қон қызметі тексеру жүргізген.
«Құқық қорғау органдары қызметкерлеріне міндетін орындауға Тәжікстанның төрт студенті кедергі жасауға талпынған, тәртіп органдарының өкілдері бұған жол бермеген», деп мәлімдеген Дмитриев. Дегенмен ректор орган қызметкерлерінің әдісі туралы ештеңе айтпады.
23 мамырда университет әкімшілігі студенттермен кездесіп, көші-қон тексеруі бір студенттің терроризмді қаржыландыру күдігімен ұсталуына байланысты өткенін айтқан. Алайда бұған қатысты ресми мәлімет жоқ. Студенттер де Тәжікстанның Ресейдегі елшілігіне шағынданған, алайда «елшіліктегілер дүйсенбі күні хабарласуға уәде бергенімен сол күні телефон соқпаған».
Еске салайық, 19 мамырда таңертең 100-ден астам тәжік студентін Хабаровск өлкесінің күш құрылымдары соққыға жыққан. Олар жатақханаға сабақ басталардан бұрын келген, бейнебақылау камераларын өшіріп, студенттерді ұра бастаған. Куәгерлердің айтуынша, бетіне маска таққандар саусаққа киілетін кастет секілді арнайы затты қолданған.
Бұған қоса, олардың тапаншасы, электр шокері болған. «Не себепті ұрғанын білгісі келгендерді одан бетер сабады», дейді студенттер.
Олардың айтуынша, студенттердің телефондары мен құжаттарын жинап алған. Алты тәжік студентін тергеген, бірақ кейін босатқан. Рейд кезінде жатақхананың жүзге жуық тұрғыны соққыға жығылған, 15 адам жараланған, кейбіреулеріне ота жасалуы керек.