Ресейдің Нижний Новгород қаласынан Өзбекстанға бара жатқан жолаушы автобусы Орынбор-Қазан күре жолында «Татар Каргала» бекеті маңында аударылып қалды. Бұл туралы Ресей аймақтық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Мәліметке қарағанда, жолаушы автобусын жүргізуші көлікті басқара алмай қалып, автобус жол шетіне аударылып түскен. Автобуста 29 адам болған.
«Жол апатынан ешкім зардап шекпеді. Жолаушылардың бәрін дәрігерлер тексерді», — деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Орынбор облысы билігінің мәліметінше, жолаушыларды жергілікті мәдениет үйіне орналастырған, кейін олар басқа автобуспен Өзбекстанға жолға шыққан.
2020 жылғы наурызда Қазақстанда 26 өзбек азаматы мінген жолаушы автобусы аударылып түсті, ал 2018 жылғы қаңтарда Ақтөбе облысында Өзбекстан азаматтары мінген жолаушы автобусы өртеніп, жол апатынан 52 адам қаза болды.