Ресей әскері бейсенбі күні таңертең Украина аумағын зымыранмен атқылады.
Зымыран соққылары мен оның алдында дрондар жасаған шабуылдардан кем дегенде 11 адам мерт болып, 10-нан астам адам жараланды. Бұл туралы Украина мемлекеттік төтенше жағдайлар жөніндегі қызметінің өкілі хабарлады. Ол нақты қай қалаларда адам шығыны болғанын айтпады. Киевте кем дегенде бір адам опат болғаны мәлім.
Днепропетровск, Запорожье және Киев облыстарында, сонымен бірге Винница облысы мен Одесса түбінде жарылыстар болды. Киев мэрі Виталий Кличко Украина астанасындағы жарылыстар туралы хабарлады.
Энергетика нысандарына да соққы жасалған. Одесса облысының билігі екі маңызды инфрақұрылым қирағанын хабарлады. Киев облысында да бір нысан қираған. Бірнеше облыста, соның ішінде Киев, Винница және Одессада жарық сөнді.
Украина қарулы күштерінің қолбасшысы Валерий Залужныйдың хабарлауынша, ел аумағына барлығы 55 зымыран атылған, олардың арасында екі «Кинжал» гибердыбыс зымыраны да бар. Украин жағы 47 зымыран әуе қорғанысы жүйесінің көмегімен атып түсірілгенін хабарлады. Ресей қолбасшылығы соққы туралы әзірге мәлімет таратқан жоқ.
Бұның алдында Ресей 14 қаңтарда Украина аумағын зымыранмен атқылаған. Зымырандардың бірі Днепрдегі тұрғын үйге түсіп, кем дегенде 40 адам опат болған.