Ресейдің ішкі істер министрлігі еңбек мигранттарының ел аумағында жүріп-тұру ережесіне өзгеріс енгізетін заң жобасын дайындады.
«Ресей Федерациясында уақытша тұруға берілген рұқсатты алып тастауын ұсындық», — делінген заң жобасының түсіндірмесінде.
Құжатта шетел азаматтарының Ресейде жүріп-тұруына қатысты үш миграциялық режим енгізу ұсынылған:
— қысқа мерзімдік режим – бір жылда 90 күнге дейін;
— ұзақ мерзімдік режим – уақытша жүріп-тұру рұқсатынсыз, бір жылда 90 күннен астам уақыт тұру;
— мерзімсіз тұру режимі.
Еңбек мигранттары Ресейде тұру үшін бірыңай электронды құжат алуы тиіс. Ол он жылға рәсімделеді. Мұндай құжатты алу үшін дактилоскопиядан өтіп, сурет тапсырып, медициналық тексеруден өту керек.
Ресей заңдарына сәйкес, шетел азаматтары үкімет квотасымен ел аумағында үш жылға дейін уақытша тұра алады. Бұл — Ресей азаматтығын алуға қажетті бірінші құжат.
Ресей президенті Владимир Путин биыл мамырда елдегі еңбек мигранттарына жағдай жасалатынын мәлімдеген. Оның айтуынша, жақында жұмысқа тұруға қажетті құжаттарды рәсімдеуді жеңілдететін арнайы жүйе іске қосылады.