Фото: youtube.com
Ресейлiк Рен ТВ арнасының “Военная тайна” бағдарламасы қазақ патриоттарына күйе жаққан хабар таратты. Ондағы айтылған пiкiрлерге жүгiнсек, Қазақстанда бүгiнде Ресейге қарсы саясат өрiс алып тұр екен-мыс.
Бұл туралы Жас Алаш басылымы жазады.
Ал жер мәселесiне байланысты осыдан бiр ай бұрынғы жиындардың астарында – Украинадағы сияқты “Майдан” ашу ниетi бар және оның артында батыстық күштер тұрған көрiнедi.
“Шаңырақ” қоғамдық қорының этникалық қазақтардың атамекенiне оралуына көмектеспек ниетте құрылғаны жай сылтау екен. Оның басшыларының бiрi Махамбет Әбжан антиресейлiк актiлердi жүргiзу арқылы табыс табады, бұл қорға АҚШ-тың түрлi-түстi төңкерiстердi қаржыландыратын Демократия институты миллиондап ақша аударады-мыс.
Ал Қазақстандағы ең негiзгi ұлтшыл – Мұхтар Тайжан екен және ол украиналық “Евромайдан”-да болыпты. Онда да – өз қаржысына емес, тап сол америкалық демократияны қолдау қорының есебiнен. Мұхтар Тайжан сөйлегенде де тура сол украин саясаткерлерiнiң пiкiрiн айна-қатесiз көшiрiп айтатынға ұқсайды.
Осыдан екi жыл бұрын Еуразиялық одаққа қарсы форум ұйымдастырған Айдос Сарым да – АҚШ-тың жиi қонағы көрiнедi.
“Военная тайна” “Қазақстандағы орыс диаспорасының құқы заңмен қорғалғанымен, ұлтшылдар оларға қарсы актiлер ұйымдастырып тұрады” деген де жаңалық ашты. Оған сенсек, әкiмшiлiктердегi кабинеттердiң маңдайшаларындағы жазулардың барлығы тек қазақша екен, ұлтшыл белсендiлер “бiздiң елде орыс жазуы, әсiресе орыс батырлары болмауы керек” деп, олардың бүкiл көшелердегi аттарын алып тастап жатыр екен.
Басылым тілшілері аталған бағдарлама мен ондағы айыптауларға қатысты саясаттанушы Айдос Сарымның пікірін білмек болды.
Саясаттанушы «Ресей кінәні өзінен ысырып тастауға тырысуда» дегенге сенімді.
«Біріншіден, бұл – Ресейдің Қазақстанның ішкі ісіне тікелей араласуы, қол салуы деп түсіну керек сияқты. Ресей өзінің Қазақстандағы телеарналарын көп адам көретінін, біздің әлі де болса Ресейге ақпараттық тәуелділігімізді ескере отырып, қоғамда қазақ ұлтшылдарына, «елім», «жерім» деп жүрген азаматтарға қарсы арандату шараларын жасап жатыр. Бұрын осындай дүниелер тек қана белгілі бір ақпараттық ресурстарда, сайттарда айтылатын. Ал енді мұны үлкен, шын мәнінде, Ресей телеарнасын көретін бүкіл аймақтарға таратып жатыр. Мұндағы мақсат – қазақ ұлтшылдарын мүмкіндігінше құбыжық етіп көрсету, олардың бүгінгі билікпен арасына жік салу арқылы біздің билікке қысым жасау. Мұны болашақтағы үлкен бір ойындардың басы деп түсіну қажет», — дейді ол.
Айдос Сарым Қазақстанда «Рен ТВ», «РТР» сияқты «түсініксіз телеарналарды» жабуды ұсынды.
«Олар тек қана өзінің мәселесін шешіп жатқан жоқ, біздің қоғамның ішінде белгілі бір көзқарастарды тудыруға тырысып жатыр. Бұл – үлкен саяси мәселе және мұның артында істі насырға шаптыратын үлкен дүниелер бар», — дейді ол.