Рио олимпиадасына арналған киімді Ольга Шишигинаның тобы жасағаны белгілі болды

Рио олимпиадасында спортшылар киетін киімдердің көпшілікке көрсетілгені кеше ғана еді. Сол сәттен-ақ оған сын айтушылар көбейді.

Тіпті ұлттық нақышпен өрнектелмегені былай тұрсын, түсі де тартымсыз. Ал оның үлгісін дизайнерлер емес, Ольга Шишигина бастаған бір топ спортшылардың өздері жасапты, деп хабарлайды КТК арнасы.

«Күңгірт сары түс біздің де көңілімізден шыққан жоқ. Оны әлі де ашықтау етіп өзгертеміз. Спортшылар жарысқа сән көрсету үшін бармайды. Сондықтан костюмдерді ала-құла емес, тым қарапайым ғып тіктік. Бұл ыңғайлы әрі жаттығу кезінде қолайлы болады деп ойлаймыз», — деді Ольга Шишигина.

Олимпиаданың ашылу салтанатында жігіттер көк костюм, ақ шалбар, ал қыздар көк көйлек кимекші. Оған дейін, қыруар қаржы жұмсалып, қымбат матадан тігілген киімдер тағы да жетілдірілетін болады. Осы саладан хабары бар дизайнерлер де кем-кетіктің тез арада түзетілетініне сенімді.

«Ольга Шишигинаның алғашқы туындысы көпшілікті қуанта қоймаған секілді. Себебі ол біріншіден дизайнер емес, спортшы. Десе де артық-кемін түзетеміз депті. Уақыт бар. Әлі де жетілдіруге болады деп ойлаймын», — деді дизайнер Құралай Нұрқаділова.

Ең қызығы, бұл олимпиада костюмдеріне қатысты алғашқы дау емес. Кезінде дизайнер Құралай Нұрқаділованың да Лондон ойындарына дайындаған өнімі сыналған.

Сондай-ақ, дизайнерлер осы Ұлыбританиядағы және Сочи олимпиадасына барған спортшылардың киімдерінде «Қазақстан» жазуын қате жазып, ұятқа қалғаны тағы бар.

Айта кетейік жазғы олимпиада ойындары биыл Бразилияда тамыздың 5-і мен 21-і аралағында өтеді.


Без рубрики
Комментарий (0)
Добавить комментарий