Ресейдің коммуникация және байланыс саласындағы бақылау қызметі (Роскомнадзор) Қазақстанның «Власть» басылымына Ресейдің Украинаға басып кіргені туралы жаңалығын алып тастау жөнінде талап қойған.
Талап орындалмаса сайттың Ресей аумағында бұғатталатынын ескерткен. Бұл жөнінде хабарлаған «Власть» редакциясы «Ресей ведомствосының талабын орындамайтынын» жазған.
Роскомнадзор жоюды талап еткен материалдың бірінде Украинаның Винница қаласын Ресей ракетамен атқылап, ондаған адам өлгені, тағы бір материалда бірнеше айдан бері Ресей әскерінің қоршауында тұрған Украинаның Мариуполь қаласында бейбіт адамдар өліп жатқаны сөз болған.
Ведомство бұл жаңалықтар жойылмаса, сайттың Ресейде тыйым салынған ақпараттарды таратушы ресурстар тізіміне қосылатынын хабарлаған.
Роскомнадзор Қазақстан баспасөзіне бұған дейін де осыған ұқсас талаптар қойып келген. 14 қарашада Аrbat.media ақпарат порталы, тамызда Ratel.kz Роскомнадзордың талабын жариялаған. Екі сайт та Украинадағы соғыс туралы материалдарын жоюдан бас тартқан.
Қазақстанның Newтtimes.kz сайты ғана Роскомнадзор талабын орындаған, онысын «Ресейдегі аудиториясынан айырылғысы келмегенімен» түсіндірген.
Қазақстан билігі Роскомнадор талабына байланысты ресми реакция білдірген жоқ. Қазақстан құқық қорғаушылары Роскомнадзор талабын цензура санайды, және Ресей ішіндегі ақпарат соғысының әсері деп есептейді.