Садыр Жапаров: Асман қаласының құрылысы маусымның аяғында басталады

«Экологиялық таза» Асман қаласының құрылысы 2023 жылы 30 маусымда басталады. Бұл туралы Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 30 мамырда Шолпан-Атада жаңа саябақты ашу салтанатында мәлімдеді.

Мемлекет басшысының айтуынша, жобаға бюджеттен «бір тиын да» бөлінген жоқ. Үкімет Асман қаласын шетел инвестициясына тұрғызуды көздеп отыр.

«Асман қаласының жобасы мен құжаттарын әзірлеуге бір жарым жыл кетті. Асман қаласының жобасы дайын. Құдай қаласа, 30 маусымда Асман құрылысының алғашқы кірпіші қаланады. Қала аумағы 4 мың гектар, онда 500-700 мың адам тұрады. Біз оған Қырғызстан бюджетінен бір тиын да шығармаймыз, өйткені оған ақша жоқ. Құрылысты шетел инвесторлары қаржыландырады» дейді президент.

Наурыз айында Асман қаласының құрылысы жөніндегі мемлекеттік дирекция Қырғызстан президенті істері басқармасының қарауына өткені мәлім болды.

2022 жылы Асман Торы-Айғыр айылы мен Тамчи әуежайы арасында салынатыны хабарланған.

2021 жылғы шілдеде президент әкімшілігі Ыстықкөл жағалауындағы 4 мың гектар жерге «экологиялық таза» Асман қаласын тұрғызу туралы идеясын таныстырған.

Азаматтық белсенділердің бірқатары жобаға қарсы шығып, «Асман қаласы салынбасын» қозғалысын құрған. Олардың пікірінше, Ыстықкөл мен оның жағалауларына жақын аумақтар биосфералық аймаққа жатады, сол себепті қала құрылысы мұнда экологиялық апат тудыруы мүмкін.

Билік жоспарына сәйкес, жаңа қала 7-10 жылда бой көтереді. Қаланың әуеден қарағандағы келбеті ұлттық музыкалық аспап — қобызға ұқсас болады.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий