Өзбекстанда ұстаздарды тікелей міндетіне қатысы жоқ жұмысқа тартушыларды әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартатын заң жобасы дайын. Құжат жақында қабылданады.
Президент әкімшілігінің байланыс және ақпарат саясаты бөлімінің меңгерушісі Саида Мирзияева осылай деп мәлімдеді. Президент қызы «Заковат» зияткерлік олимпиаданың қорытындысын шығару салтанатына қатысты.
«Қазіргі ұстаз — мемлекеттік шараларда қызмет көрсетуші, үйлерді аралап статистика жинайтын, аула сыпыратын, комиссия күтетін тегін жұмысшы, бос әңгіме айтылатын жиындарда залды толтыратын адам, тұрғындардың берешегі мен қарызын жинаушы, баспасөзды мәжбүрлі түрде жаздырып оқушы, түнгі кезекші және мектеп қарауылы, тәртіпсіз балалар мен өзге біреудің отбасының берекесіне жауапты адам. Ал мектеп пен сабақ, баламдардың білімі ше? Осыншама жүкті арқалап жүрген адам білімді қалай дамытады?», — деген риторикалық сауалды Саида Мирзияева қойды.
Мемлекет басшысының үлкен қызы әрі мемлекеттік шенеунік ұстазды білімнен басқа да міндеттерден босататын заң жобасы нақты қашан қабылданатынын айтпады. Мұғалімдерге қатысты бастаманы Саида Мирзияева өткен айда көтерген.