Сайлау күні Алматы мен Астанада 30 шақты белсенді ұсталды (видео)

20 қарашада елде кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатқан күні Алматы мен Астанада полиция 30 шақты белсендіні ұстаған.

Басым бөлігі Алматыда ұсталды. Наразылар «таңдаусыз сайлауға» қарсылық білдіріп, «Қаңтар қантөгісін ұмытпау қажеттігін» алға тартты. «Оппозиция митингісі өтеді» деген орындарда бірнеше адам ұсталған.

Алматы полициясы «рұқсат етілмеген акцияларды» өткізу талпынысы болғанын мәлімдеп, «қоғамдық тәртіпті бұзу жайттарын болдырмау мақсатында заңмен бекітілген шаралар қолданылды» деп мәлімдеді.

Шымкентте де бірқатар белсенділер сайлау күні үйлеріне полиция келгенін хабарлады. Солардың бірі белсенді Данияр Байтілеу жексенбі күні үйін полиция күзетіп тұрғанын айтып, видеосын да жариялады.

«2016 жылдан бергі ірі наразылықтар кезінде осының бәрі (полицияның белсенділер үйін торуылдауы – ред.) басталған еді. Бұрын Назарбаев пен Мәсімовтен көруші едім, қазір екеуі де жоқ. Енді қудалауға кімді кінәлаймыз. Неге бұлар есік алдында тұрады? Бұл құқықты таптау… Өз басым сайлауға бойкот жариялағанмын. Сайлау заңнамасын өзгертпей, саяси реформа жүргізбей мұның бәрі цирк. Тіпті бақылаудың өзі құр әурешілік деп ойлаймын» деді белсенді Данияр Байтілеу Азаттық тілшісіне.

Полиция оқиғаларға түсініктеме бермеді.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий