Бердібек Сапарбаев
Бүгін Бердібек Сапарбаев облыс прокуратурасында өткен кеңейтілген алқа отырысына қатысты. Құзырлы мекеме қызметкерлері мемлекеттік қызметкерлер халықтан түскен шағымдарға дер кезінде және сапалы жауап беру керек деген мәселені көтерді.
Шенеуніктердің жайбырақаттығынан барлық мәселелердің баспасөз бетінде жүретіндігі айтылды. Жиын барысында мектеп оқушыларына смартфон ұстауға тыйым салу керектігі де сөз болды.
Осыған дейін NUR.KZ порталы смартфондарымен әуреленіп, жиналыста жантайып алып ұйықтай беретін ақтөбелік шенеуніктер туралы жазған болатын. Материал жарияланғаннан кейін денсаулығына шағым айтып ауруханаға жатып шыққан басқарма басшылары да болды. Прокуратурада өткен жиын барысында облыс әкімі үлкен жиындарда өздерін ұстай білмейтін шенеуніктерге тағы ескерту жасады.
«Телефон шұқылайтындарың бар несіне жиналысқа келесіңдер? Смартфонда ойын ойнап отыратын болсаңыздар жиналысқа келмеңіздер. Ол аздай мектеп оқушыларына телефон ұстатпаймыз дейсіңдер. Алдымен өздеріңді дұрыстап алыңдар. Баспасөзге шығарса ренжиміз», — деді облыс әкімі.
Облыс әкімінің қатысуымен өткен кездесуге департамент басшылары мен мектеп директорлары қатысқан болатын.
Прокурорлар жасаған баяндамасынан халықтан түсіп жатқан шағымдардың дені коммуналдық қызмет пен білім саласынан екені белгілі болды. Білім ошақтарында ақша жинау мәселесінің әлі де бар екені айтылды. Прокурорлар Мұғалжар ауданында болған оқиғаны мысалға алды. Ата-ана мектептегі ақша жинаудың тиылмайтынын айтып шағымданған. Фонд мәселесін жоюды сұраған.
Облыс әкімі білім саласында ақша жинаудың тиылмай отырғанына күйінді. Прокурорлар мен мұғалімдерге бұл жағдайға нүкте қоюды тапсырды.