Бердібек Сапарбаев. Фото: ortcom.kz
Сапарбаевтың соты басталды. Ақтөбе облысының әкімі өз құқын Астана сотында қорғап жатыр деп хабарлайды 31 арна.
Бердібек Мәшбекұлы өзіне дәлелсіз жала жауып, ар-намысыма нұқсан келтірді деп азаматтық белсендінің үстінен шағымданған болатын. Жер сату мәселесіне қатысты айтылған мәлімдеменің қай сөзі шенеуніктің шамына тиді? Және моральдық шығын есебінде қанша өтемақы сұрап отыр? Бұл сұрақтарға Сапарбаев мырзаның өзінен жауап алу мүмкін болмады. Өйткені, аймақ басшысының орнына заңды өкілі келіпті.
Бір ғана Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданына қарасты жалпы көлемі, ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын 87 мың 437 гектар жерді 2010 жылдары, сол кезде облыс басшысы болған Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаевтың тікелей тапсырмасымен Қытай азаматтарының инвестиция салу мақсатында алып алғаны анықталды.
Мәселенің бәрі Айдын Егеубаевтың интернет арқылы жариялаған осы мәлімдемесінен басталып отыр. Артынша «жерді шетелдікке беріп жіберді» делінген Сапарбаев мырза өзіне жала жапты деп сотқа шағымданған еді. Бүгін басталған сот отырысына шенеуніктің өзі емес, адвокаты келді. Айтқан сөзі үшін айыпты болғандар өз пікірін дәлелдеуге барын салды.
«Қытай азаматтарының 2011 жылы 7 тамызда Үржар ауданында егістік алқаптарына келіп, ТЖМ тікұшағымен. Маңызды ақпарат деп ойлаймын», — дейді азаматтық белсенді Айдын Егеубаев.
«Егеубаев Айдын ол жерде тікелей Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасы болғаны анықталды деп көрсеткен. Алайда, бұл жерде қытайлар тікұшақпен ұша ма, ұшақпен ұша ма, қай жерге барады, оған Бердібек Мәшпекұлы Сапарбаевтың тікелей ешқандай қатысы жоқ деп санаймын», — дейді Бердібек Сапарбаевтың өкілі Сағадат Әміре.
Сапарбаев мырзаның өкілі көргісі келмеген видео мынау болатын. Төтенше жағдай қызметінің тікұшағынан түсіп, жер туралы баяндаманы тыңдап тұрғандар — қытайлық компанияның өкілдері екен. Осы дауға себепкер болған мыңдаған гектар жердің заңды иесі – «Бәтуа» жауапкершілігі серіктестігінің құрылтайшылары мұндай кездесудің болғанын растап отыр. Тек, бұл әріптестікке аймақ басшыларының ықпалы болмады дейді.
«Сапарбаевтың қатысы жоқ. Біріншіден. Екіншіден «Дәрі-мед» пен «Уэйз-групп» екеуінің біріккені, өйткені соңынан құрылған «Бәтуа» компаниясына «Уэйз-групп» компаниясы Қытайдан банк несиелерін «Бәтуаға» қамтамасыз етуге шаралар жасады», — деді куәгер Нұрлан Биәділов.
Демек, қытайлық заңды тұлғалардың үлесі бар компанияның жерді жалға алғаны расталды. Талапкерлер, сол кездегі заңнамада оған тыйым салынбағанын алға тартып отыр.
Жауап беруші тарап жер кодексінің мына тармағын негізге алып отыр. Облыс әкімдерінің құзыретін белгілейтін құжатта, жерді сату және жалдау шарттарын бақылауды жүзеге асырады делінген. Алайда, Сапарбаев мырзаның шамына тигені басқа екен.
«Мәселе құзыреті шегінде болып тұрған жоқ қой. «Тікелей тапсырмада» болып тұр ғой мәселе. «Тікелей тапсырманы» дәлелдесін. Болды. Басқа сұрағым жоқ», — деді Сағадат Әміре.
Айта кетерлігі, Ақтөбе облысының әкімі моральдық өтемақы ретінде 5 миллион теңге сұраған екен. Шенеунік бұл қаржыны балалар үйіне аудармақшы.