Сауалнама: Жүздеген қазақстандық Өзбекстанның Қазақстанға жақын маңда АЭС салуына қарсы

«Қарағанды облысы эколгия мұражайы» қоғамдық ұйымындағы тәуелсіз экологтар қазақстандықтар арасында жүргізілген интернет-сауалнама нәтижесін жариялады. Респонденттер Өзбекстанның Қазақстан шекарасына жақын маңда АЭС салу мәселесіне қатысты сауалдарға жауап берген.

Бұл туралы 28 ақпанда Азаттыққа қазақстандық эколог Дмитрий Калмыков хабарлады. Ол Чернобыль атом электр станциясындағы апат салдарын жоюға қатысқан, Семей ядролық полигонындағы радиация жөнінде зерттеулер жүргізген.

Сауалнамаға қатысқан азаматтар 11 сауалға жауап берді. Оған 18-75 жас аралығындағы жүздеген қазақстандық қатысты.

Респонденттердің жартысынан астамы Өзбекстанның Қазақстанға жақын маңда (шамамен 50 шақырым) АЭС салу жөніндегі жоспарынан хабарсыз болып шықты. Экобелсенділердің айтуынша, Қазақстанда бұған қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілмеген. Қазір де бұл АЭС құрылысы туралы мәлімет аз.

Зерттеуге қатысушылардың шамамен 90 пайызы Қазақстан шекарасына жақын маңда АЭС тұрғызуға қарсы шықса, қалғандары осы жоспарды қолдады. Респонденттердің 90 пайыздан астамы Өзбекстан атом станциясы жұмысының қауіпсіздігіне кепілдік бере алмайды деп есептейді.

Экобелсенділер зерттеу қорытындысын үкімет пен президент әкімшілігіне жолдауды көздеп отыр.

Соңғы жылдары Қазақстандағы билік те атом электр станциясын салу жөніндегі идеяны жиі қозғап жүр. Тұрғындардың дені үкіметтің бұл жоспарын қолдамайды.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий