Семейде жылу электр орталығында өрт болып, жылу батареялары салқындаған (видео)

15 желтоқсанға қараған түні сағат 12 жарым шамасында Абай облысының әкімшілік орталығы Семей қаласында қаланың сол жағалау бөлігіндегі N1 жылу электр орталығында өрт болған.

Өрт бір сағат ішінде сөндірілгенмен орталықтағы бірқатар жүйе істен шығып, ЖЕО «қолмен басқару режиміне» көшірілген.

«Теплокоммунэнерго» мемлекеттік коммуналды кәсіпорын өкілдері өрт жүйенің бірінші транспортерінен шыққанын айтты.

Төтенше жағдай министрлігі көмірмен істейтін қазандықтарды істетуге әскери қызметкерлер жұмылдырылғанын хабарлады.

Жылу электр орталығының жұмысы тоқтамаған, алайда жылу беру параметрлері төмендеген. Кемінде 85 градуспен берілетін жылу 60 градуспен беріліп жатыр.

Өрттің себебі мен келтірілген шығын көлемі әзірге хабарланбады.

Семейдегі жылу электр орталығы 1934 жылы пайдалануға берілген Қазақстандағы ең ескі кәсіпорындардың бірі.

Бұған дейін қаланың оң жағалау бөлігіндегі екі қазандықта апат болған. Олардың бірі «Ғаббасов» қазандығын жөндеу үшін тағы 500 млн теңге қажеттігі, толық жаңарту үшін 1,7 млрд теңге жұмсалатыны айтылған.

Өткен сенбіде, 10 желтоқсанда Семейде «5-интернат» жылу орталығында да апат болып, көпқабатты тұрғын үйлерде батарея температурасы екі есеге азайған еді.

Қараша соңында Екібастұздағы жылу электр орталығындағы ірі апаттан кейін жүздеген үй мен әлеуметтік нысан қақаған аязда жылусыз қалған. Моноқалада техногенді сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, 8 желтоқсанға дейін күшінде болды. Көптеген үйлерде жылу радиаторлары, су құбырлары жарылған, канализация желілері қатып қалған.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий