Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев 25 қаңтарда өткен жиналыста республикада кедейшілік деңгейі 17 пайыздан 14 пайызға дейін азайды деп мәлімдеді.
Мемлекет басшысының айтуынша, кедейшілікпен күрес ұлттық саясат деңгейіне көтерілді. Жиналыста мәлім болғандай, әкімдердің көмекшілері 1 млн адамға кәсіп үйретіп, іс ашуға көмектесіп, табысты жұмыспен қамтамасыз еткен. Кедейшілік деңгейі осы жұмыстың арқасында төмендеген.
Мирзияев 2022 жылы шамамен 200 мың кәсіпкерлік ісі құрылғанын, 10 мың кәсіпорын қызметін кеңейткенін, 11 мың кәсіпорын бұрынғы деңгейге қайта көтерілгенін хабарлады.
Былтырғы мамырда Дүниежүзілік банк Өзбекстанға қатысты есебін жариялаған. Онда Өзбекстан халқының 9,5 пайызы кедейшіліктің орташа деңгейіне жататыны айтылған.
Әлемде жан басына шаққандағы табыс көлемі Өзбекстандағыдай елдерде кедейшілік деңгейі 3,3 пайыз.