Шенеуніктерге ашуланған украиналықтар парламент алдына ішкиімдерін іліп қойды (фото)

Киевте өткен ішкиім ілу акциясы. Фото: Азаттық

Украинада белсенділер дүние-мүлкі мен табысын ашық жарияламаған лауазымды тұлғаларды ұялтуға тырысып жатыр деп хабарлайды Азаттық.

Қазанның 18-і күні Киевтегі парламент ғимаратының алдына жиналған белсенділер табыс декларацияларын жарияламаған шенеуніктерге «трусы» деп ат қойды. Украин тілінде бұл сөздің «іш киім» әрі «қорқақ» деген екі мағынасы бар.

Заң бойынша бұдан былай электрондық табыс декларациясын толтыру міндетті екенін еске салған белсенділер Жоғарғы Раданың (Украина парламенті — ред.) алдына жіп керіп, оған ішкиімдер әкеліп, іліп тастады және «Қорқақтар, электрондық декларацияларыңды тапсырыңдар!» деп ұрандатты.

Киевте өткен ішкиім ілу акциясы. Фото: Виталий Шабунин twitter парақшасынан алынды

Жақында Украинада реформашылдар мен Батыс елдерінің талабымен мемлекеттік қызметкерлердің табысы мен дүние-мүлкін электрондық декларация арқылы жариялау жүйесі енгізілген. Бұл жүйені енгізудегі мақсат – шенеуніктердің табыстары мен мүліктерін азайтып көрсетуіне не мүлде жасырып қалуына жол бермеу. Бұл заң елдегі жемқорлықпен күрестің шешуші құжаттарының бірі саналған.

Белсенділердің айтуынша, мемлекеттік қызметкерлер заң талаптарын орындап, өздері қызмет ететін халықтың алдында адал екендерін көрсетуі керек, олай болмаса, олардың «кір ішкиімдері» елге әшкере болады.

 

Без рубрики
Комментарий (0)
Добавить комментарий