Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов сенбі, жексенбі күндері қол астындағы қызметкерлерімен бірге қала көшелерін аралап, жағдайды біліп қайтты деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
Жолдардың жағдайын тексеру барысында шаһар басшысы бірқатар олқылықтарға куә болды. Мәселен, Әл-Фараби көшесінде аяқ жолдың плита тақтайшалары толығымен қойылмаған. Сондай-ақ, жол жағасындағы арықтар темір торлармен жабылмағандықтан, адамдар аяқ жолдарға шығу үшін арықтардан аттап өтуге мəжбүр болуда.
Ол аз дегендей Шымкенттегі бірнеше автобус аялдамаларында отыратын орындықтар жоқ.
Аталған кемшіліктерді көрген Әбдірахымов қоластындағы қызметкерлеріне алдағы уақытта бұл олқылықтардың орнын толтырып, жолдың жағдайын үнемі бақылап отыруды тапсырды. Сондай-ақ, Шымкент басшысы бұл салаға жауаптыларға: «Кабинетте отыра бермей, жиі осылай аралап отыру керек», — деп атап өтті.
Айта кетейік, сенбі күні велосипедке отырып, қазнеттің жұлдызына айналған Шымкент әкімі жексенбі күні дендросаябақ сынды бірқатар аймақтарды велосипедпен аралап шықты.