Ғабидолла Әбдірахымов. 31 арнадан скриншот
Қаладағы Абай ауданына қарасты Көкбұлақ тұрғын алабын қоныстанған қараша халық «үйіміз сүріліп кете ме?» деп зар илеп отыр. Себебі «ҚазТрансОйл» компаниясы құбырға жақын үйлерге қатысты сотқа талап арыз берген. Мұны естіген 45 жастағы Ермахан Сыздықов жары Бақытхан Машабаева екеуі бес бала-шағаммен далада қалып қоятын болдық деп дабыл қақты.
Мазасы қашқан тұрғындар жергілікті әкімдікке барғанымен әкімнің қабылдауына кіре алмаған. Содан шенеуніктердің іс-шараға қатысатынын естіген олар сонда барып, ақ жағалыларға мұңын жеткізіпті.
«Аудан әкімшілігіне үш-төрт келіншек болып бардық. Ондағылар «қағаз алмай қабылдамаймыз» деді. Бір іс-шара болып жатқанын құлағым шалып қалып, сол жерден ұстадық оларды. Әйтпесе әкімдер қабылдай бермейді екен ғой. Содан соң барып қала әкімі бізбен кездесті», — деді Бақытхан Машабаева.
Сыздықовқа соттан үйі сүрілетіні туралы талап арыз келген.
«Келісім құжатында «ары қарай құрылыс өспейді» деп көрсетіліп, қол қойылған. Бірақ, өткен айда талап арыз келді. Онымен танысқан соң дереу әкімшілікке барып, келісімнің қайда кеткенін сұрадым. Ондағылар «ешкімге ешнәрсе айтпа, өзіміз араласып, бітіріп береміз» деп мені тоқтатты» деген Ермахан Сыздықов үйін күзетіп жүргенін айтып, мұңын шақты.
«Бізге жерді неге ойланып барып үлестірмейді? Тым болмағанда мен үй салып жатқанда біреуі келіп ескертсе, түсінер едім ғой. Легализация кезінде неге айтпайды? Құжаттарым қолымда», — деді ашуын жасыра алмаған Сыздықов.
Халықтың жан-айқайы қала әкімінің құлағына жетіп, шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов олармен ақыры кездесіпті. Тек мән-жайды тыңдаған ол «құжатың бар ма?» деп шамына тиген соң тұрғын Сыздықов қолындағы барлық құжатын көрсетіп, «халықты зар илету керек пе?» деп эмоциясын жасыра алмапған.
Осы сәтте Әбдірахымов мырза «Ұрасыз ба мені? Мен сізге келіп тұрмын ғой сөйлесуге. Сіз маған дікеңдемеңіз» деп мұңын шаққан тұрғынға тап берген. Ермахан Сыздықовтың жары қала әкімінен мұндай сөзді күтпегенін жасырмады.
«Әкімнен «дікеңдеме» деген сөз естиміз деп ойламадық негізі. «Құжатың бар ма?» дегенде жолдасым да өзін өзі ұстай алмай қалды. Әкім де ондай естимін, халық ашулы деп ойламаған шығар… Біздің мәселемізді шешу қала басшысының қолынан келмесе, облыс әкіміне шығайын деп отырмыз. Жолы солай екен ғой, ауыл әкіміне кірдік. Қолынан келмеді. Аудан әкімінің де, қолынан келмеді. Қалалық әкімдік уәде берді», — деді бес баланың анасы Машабаева.
Қуаныштысы, Әбдірахымов мырза үш айдың ішінде проблемаға нүкте қойылатынын уәде етіп кеткен. Тек кімнің пайдасына екені белгісіз.
Айта кетейік, бес баланың анасы Бақытхан Машабаева бала тәрбиесімен үйде отыр. Жолдасының да тұрақты жұмысы жоқ. Тек жалдамалы жұмысшы болып нәпақа тауып, отбасын асырап жүр.