Жеті баланың анасы. Фото: Замана
«Арманым он балаға жетіп тоқтау еді. Жетіншімнен кейін қатты науқастанып, денсаулығым жарамай қалды ғой. Әйтпесе құдайдың бергенін жинап ала берер едім», – деп мейірлене жымиды Майра.
Көпбалалы ана өмірінің бақытқа толы екенін жасырмады.
«Майра Ілесқызы Жүсіптегі боламын. Шәуілдірдегі Отырабат ауылында тұрғанбыз. Ауылда жұмыс табу қиындаған соң, Шымкентке көшіп келдік. Күйеуім мал бағады. Өзім еден жуамын. Жалақым қырық мың теңге. Аллаға шүкір! Отбасында ынтымақ болған кезде береке дариды. Құдайға шүкір, тату-тәтті тұрамыз. Шаңырақтың шайқалмауы әйелдің қолында. Мен үшін жеті балам мен күйеуімнен асқан байлық жоқ», — деп ағынан жарылды ол.
Тұрғын айтарлықтай қиындық көрмегенін сөз етті.
«Содан болар, өзгелер шулайтындай қиындық көрмедік. Өкіметке рахмет! «Нұрсәт» мөлтекауданынан үш бөлмелі пәтер сыйлады. Бала-шағам жылы үйде өмір сүруде. Жиын-тойға киетін әдемі тоным бар. Үстімдегі пальтом жәй, жұмыс күні киетінім ғой», – деп әлденеден қысылғандай жарқылдай күлді.
Майра әр баланың өз несібесі барына сенеді.
«Бүгінде әйелдер көп балалы болудан қашады. Қазақтың саны аз. Ұлтымыздың санын көбейту – мына біздердің қолымызда. Бала туғаннан қашқақтасақ, қазақтың ертеңі не болмақ? Әттең, денсаулығым жарамайды. Әйтпесе әлі де болса туғаннан қашпас едім. Өз ұрпағыма да көп балалы болғанды өсиет етіп айтып отырамын. Әрине, басқа тартсаң, аяққа жетпей жататыны жасырын емес. Бірақ әр баланың өз несібесі бар. Неғұрлым бала көп болса, несібе де еселеп келеді ғой», — дейді ол.
Көпбалалы ана жеті баланы нәсіп еткеніне шүкіршілік білдірді.
«Басында қиналғанмен, бүгінде баламның алды 23-те. Қолқанатым. Жеті балам жеті жақтан шүпірлеп үй жұмысын атқарады. Жаман ба? Жазда тыным таппай өз нандарын тауып келеді. Жеті баланы нәсіп еткен Аллама сансыз шүкір!», — деп ойын түйді ол.