Шымкентте аялдама атын дұрыс атамағандарға айыппұл салынады деп хабарлайды «Отырар» сайты.
Сондай-ақ жарнама мәтіндерінің тақырыптық маңыздылығы мен сауаттылығы да қатаң қадағалауда болады.
Бұл туралы «Көрнекті ақпарат және жарнама мәтіндерін заң талаптарына сәйкес реттеу мәселелері» атты облыстық семинарда белігілі болды. Жауаптылар қатеге толы шимайларды көргенде, ұяттан бас көтеріп жүру мүмкін емес деп ашынып отыр.
Қазір қала көшелеріндегі жарнама бетіндегі өрескел қателерден көз алып қашу мүмкін емес. Жеке кәсіпкерлердің қарамағындағы ғимарат маңдайшаларындағы жазу қателігі ешқандай да заң аясына сәйкес келмейді дейді жауаптылар.
Жиналғандар бірауыздан осы олқылықтардың орнын толтырып, мемлекеттік тілде дұрыс сөйлеп, дұрыс жазуды талап етіп отыр.
Екінші мәселе қоғамдық көлікте тілдерін бұрап сөйлейтін кондукторлар турасында болды. Қазақтың ақиық адамдарының соңына «а» жұрнағын қосып айтуға тілдері машықтанып қалған.
Оның дұрыс аталуын іздеп немесе қызығушылық танытып жатқан жан жоқ. Ендігі заң жобасы аясында көше атауын дұрыс атамаған азаматқа айыппұл салынып, 10-20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақша төлейді. Ол дегеніңіз — 20-40 мың теңге.
«Бізді әсіресе қынжылтып отырғаны — Ахмет Байтұрсынов, Дінмұхамед Қонаев және Тұрар Рысқұлов секілді белгілі тұлғалардың аты берілген көшелерді орысша айтуы. «Кунаева, Рыскулова» дегенді көп естиіміз. Ал өскелең ұрпақ жастар асыл азаматтарды әйел екен деп қалады», — дейді облыстық тілдерді дамыту, мұрағаттар мен құжаттама басқарма басшысының орынбасары Қасым Ағабеков.
Жиналғандар болашақ қамын ойлап, тілді бұрмалаудың алдын алуда. Ал осы уақытқа дейін қателерді бойына сіңіріп өскендерді айыппұл арқылы тәрбиелемек.