Үйінді. 31 арнадан кадр
Шымкентте ескі ғимараттардың бірінде болған жойқын жарылыс, бүкіл қаланы дүр сілкіндірді. Тіпті, бетон қабырғаларға дейін құлатқан үйіндінің астынан бір адамның мәйіті табылған деп хабарлайды 31 арна.
Алайда, қырық жастағы тағы бір азаматтың жоғалып кеткенін айтқан туыстары, қолдарына күрек алып, өз беттерінше іздеуге кіріскен. «Құтқарушылар үйіндіні аршуға құлық танытпады» деп шағымданғандар, «бауырымыздың денесі әлі қоқыстың астында жатыр» дейді.
Қырық жастағы ордабасылық жігіт Ізбасқан Ерғаранының туыстары оның денесі зауыттың ескі ғимараты ішіндегі үйінді астында қалып қойды дегенге сенеді. Оған себеп: жоғалған күні өзінің зауыт маңына дәнекерлеу жұмыстарына жалданып барамын дегені мен осындағы көрген қарауылдардың сөзі дейді Ізбасқанның ағасы. Оған қоса маңайдағы тұрғындар да бауырының суретіне қарап, осында темір кескенін растаған көрінеді.
«Көрген адамдар да, осы жердегі күзетшілердің өзі де суретінен танып, айтып беріп отыр ғой барлығы. Бір адам қалып кетті осында, шығарамыз деген. Алайда жарылыс болғандықтан ешқайсы жолатпаған», — дейді Ізбасқанның ағасы Тимур Ерғара.
Қатты жарылыстан Ізбасқанның мәйіті үйіндінің астында қалып қойды деп есептейтін оның туыстары қазір өз беттерінше қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олардың сөздерінше, төтеншеліктер ғимарат қожайынының рұқсаты болмағандықтан тексеріп, қаза алмадық деп жауап қатқан.
Шағымды естіген бойда оқиға орнына полицейлер, төтеншеліктер, тіпті Шымкент әкімінің орынбасары да келген көрінеді. Зауыт өкілдігі ғимарат ескі болса да, банкте кепілде тұрғанын айтып, өз беттеріңізше жасаған әрекеттен материалдық залал келетін болса, бір кірпіші үшін жауап бересіздер дегенді ескерткен.
Мұны естіген полицейлер мен төтеншеліктер әрекеті тежеліп қалды дейді шағымданушылар.
«Біздің отрядтың жігіттері итпен шыққан. Бірақ осы жерде болуы мүмкін деген жерлердің барлығын қарап шыққан. Бірақ ешқандай растама бермеді ит», — дейді ОҚО Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Зарипа Абдуллақызы.
Тек арызды ғана қабылдағаны болмаса, әзірге полицейлер де үнсіз. Ішкі істер органдары қазба жұмыстарын өз беттерінше жүргізе алмайтынын айтады. Сондықтан прокуратураға хат жібердік дейді. Жоғалған Ізбасқанның туыстарына да сонда шағым беруге кеңес айтыпты. Ал арыз берушілер болса, кепіл дүниенің қазіргі иеленушісі — банктің әлдеқайда келісім бергенін, ендігі жұмыс құзырлы мекемелерде екенін айтып отыр.