Шымкентті бұрындары ақпан айындағы көктем мен арзан кәуаптарына бола жақсы көретін. Ал бүгінде Шым қаланы ұнатудың себептері мүлдем өзгеше. Comode басылымы Шымкентті жақсы көрудің 11 себебін тізбектеді деп хабарлайды NUR.KZ порталы.
Рамазан айында аузын бекіткендерге қамқорлығы үшін
Жыл сайын Рамазан айында аузын бекітетіндер саны арта түсуде. Осыған орай қалада қайырымдылық шаралары да күн санап көбейіп жатыр.
Мәселен, жақында 17-ші маршрутпен жүретін автобус Рамазан айында тұрғындарды тегін тасыды. Ал азық-түлік дүкендері жағдайы төмен тұрғындарға тегін тағам таратты.
Жаяу жүргіншілерге көрсетілетін қамқорлығы үшін
Ал жақында көзі нашар көретіндерге, зейнеткерлерге, балаларға және телефонынан көз алмайтындарға арналған арнайы жаяу жүргіншілер жолағы ойлап табылды. Билік бұл жолақ оларға жолды кесуге болмайтын сәтті ескертетінін айтуда. Яғни бағдаршам қызыл болғанда, жолдағы белгі де қызарады. Олар, тіпті қалың қар жауғанда да көрініп тұрады.
Мүгедектерге көрсетілетін қамқорлығы үшін
Шымкентте бірнеше жыл бойы мүгедектерге тегін такси қызметі көрсетіледі. Олар кез-келген бағытқа таксиді тегін жалдай алады, тек мүгедектігін дәлелдейтін құжатын көрсетсе болғаны.
«Ілініп тұрған тегін азық-түліктер» үшін
Шымкентте кез-келген адам дүкеннен тағам сатып алып, оны дүкенде қалдырып кете алады. Ақысы төленген азық-түлікті дүкен иелері жағдайы төмен тұрғындардың тегін алуына ыңғайлы етіп, іліп қояды. Мұндай акция жыл бойы жүзеге асырылады.
Қайырымды кәсіпкерлері үшін
Өткен жылы Шымкенттің кәсіпкерлер тобы табысы төмен отбасына үй салып берді. Көпбалалы Жанар Ұлықпанқызы балаларымен пәтер жағалап жүрген. Оны көрген қайырымды бизнесмендер әйелге тегін үй сыйлаған.
Ақылды әкімі үшін
2016 жылдың қарсаңында Шымкент әкімдігі қаланы Жаңа жылға орай безендірмеуді ұйғарды. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов бастамасымен безендіруге бөлінген 80 млн теңге жетімдер мен жағдайы төмен отбасыларына таратылды. Нәтижесінде 5 500 балақай мейрамға қарсы жылы киім алды.
Әлемнің кез-келген түкпірінен табылатын шымкенттіктер үшін
Сіз шымкенттіктерді кез-келген елде кез-келген қызметте көре аласыз. Мейлі Астанадағы таксиші болсын, мейлі Нью-Йорктегі полицей болсын, шымкенттікпін десе таң қалмаңыз.
Олар күтпейтін жерде жай жүріп қана қоймай, The Wall Street Journal секілді белді шетелдік басылым беттерінен де табылып жатады. Мәселен, Нью-Йорктегі полицей Димаш Ниязов. Димаш өзінің қызметі мен боксқа әуестігінің арқасында шетелде танымал болып үлгерген.
Индустриалды аймағы үшін
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында қаланың барлық аудандарында индустриалды аймақ құруды қолға алған. Нәтижесінде қалада түрлі кәсіпорындар бой көтерген.
What’s up, Шымкент!
Жетінші қазаннан бастап қалада әкімдіктің екі нөмірі бойынша WhatsApp желісі іске қосылған. 8-777-885-85-13 нөміріне сіз қаланың коммуналды қызметіне шағым түсіре алсаңыз, 8-775-885-85-02 нөмірі бойынша қоғам тәртібінің бұзылғанына шағымдана аласыз.
Үлкен жоспарлары үшін
Шымкент болашаққа үлкен жоспарлар құрып отыр. Алдымен қаладағы шетелдік қызметкерлер санын қысқартып, жұмыссыздық мәселесін шешпек.
Жаңа теміржол бағыттары ашылып, гидроэлектростанциялар құру жоспары да бар.
Шымкент ТМД-ның ең үздік қаласы болғаны үшін
2011 жылы Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық қауымдастығы Шымкентке ТМД-ның ең үздік қаласы атағын берді. Облыс әкімінің айтуынша марапатты қалаға тазалығы үшін берген.