Шымкенттік келіншек өзін тонамақ болған еңгезердей екі жігітті қан-жоса қылды

Ардақ Әшімова. Фото: zamana.kz

Таяуда Шымкент қаласының тұрғыны Ардақ Әшімова ашықтан-ашық тонаудың құрбаны бола жаздады деп хабарлайды zamana.kz.

Қаннен қаперсіз өз көлігінде отырған Ардақ ханымның ақша, құжаттар мен басқа да бағалы заттар салынған сөмкесін еңгезердей екі жігіт тартып алмақшы болған. Оқиғаның нақты қалай болғанын ол кісінің өзі әңгімелеп берді.

«Бұл жағдай 16-қазан күні түс қайта орын алды. Әдеттегідей шаруаларыммен жүргенмін. Қаланың Арғынбеков және Өтегенов көшелерінің қиылысқан тұсында бағдаршамның қызыл көзі жанды. Содан ойымда ештеңе жоқ, көлікті тоқтатып, жасыл шамның жа­нуын күтіп отыр едім, кенет еңгезердей екі жігіт артқы есіктен мініп алды. Біреуі алдыңғы орындықта жат­қан сөмкемді жұлып алды да, қашып кетті», — деп есіне алды Ардақ.

Мен де артынша бірге ілесе шығып, сөмкемді алып қашқан жігіттің соңынан қуып жетіп, оны қолынан жұлып алдым. Сол кезде асфальтке етпетінен омақаса құлаған ұрының беті қан-жоса болды. Ал екінші жігіт бұл кезде жолдың арғы бетіне шығып үлгерген еді. Артына қарамай қашып кетті. Негізі сол сәтте шалт қимылдай алғаныма қазір өзім қуанамын. Мені қатты ыза қысты. «Неге мені біреу ашықтан-ашық тонауы керек?!» деген оймен әрекет еттім. Бірақ бір әттеген-айы, полиция шақыртуым керек еді, мен олай істемедім, көлік кептелісі болмасын деп тез-тез машинама отырдым да, кетіп қалдым», — дейді бойжеткен.

Ардақ бұл оқиғадан өзгелер де сабақ алса дейді. Әлдекімдердің әлімжеттік жасап, қолындағыны тартып алуына жол бермеуін, сақ болуын ескертіп отыр.

«Егер көлікте жалғыз өзіңіз кетіп бара жатсаңыз, ішінен құлыптап отырған дұрыс. Ал егер ұрылар сізге шабуыл жасаса, құр айқаймен ештеңе өндіре алмайсыз. Есіңізді жиып, бірден іс-әрекетке көшу керек. Себебі мұндай сәтте әрбір секунд, минут қымбат. Үрейге берілмеңіз, ең бастысы – өзгелерге жем болмау жағын ойлаңыз», – дейді ол.

Без рубрики
Комментарий (0)
Добавить комментарий