Шымкенттік полицейлер Әнұран шырқалғанда қолдарын қайда қоярын білмей, абдырап қалды

Шымкенттік полицейлер. Видеодан кадр

Шымкент полицейлері мемлекеттік Әнұран шырқалғанда қолдарын қайда жіберерін білмей дал болды деп хабарлайды NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі.

Әлеуметтік желіде Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД-ге қарасты Шымкент қалалық Жергілікті полиция қызметінің (ЖПҚ) басшысы Данияр Мейірханның қоластындағы қызметкерлерімен бірге Әнұранды орындап жатқан сәтінің видеосы пайда болды. Видеоны қалалық Жергілікті полиция қызметінің ресми аккаунты жариялады.

«Сәлеметсіздер ме, мырзалар! Қазақстан республикасының Әнұраны орындалсын» деген Данияр Мейірханның сөзінен соң полицейлер жаппай Әнұранды шырқайды. Алайда видеода шымкенттік шенділердің кейбірі мемлекеттік Әнұран шырқалғанда өзін өзі ұстау тәртібін білмейтін болып шықты.

Бірі қолын сәлем берген күйі Әнұранды шырқаса, бірі оң қолын кеуде тұсына қойған. Ал кейбірі қолдарын қайда қоярын білмей, дал болған. Бір қызығы, Әнұранды қоса шырқаған полковник Данияр Мейірхан да мемлекеттік Әнұран шырқалғанда оң қолын кеудесіне қоюды ұмыт қалдырды.

Айта кетейік, еліміздің Мемлекеттік рәміздері туралы заңның 9-бабында Мемлекеттiк Әнұран орындалған кезде қатысушылар оны орнынан тұрып айтады (тыңдайды) және де Қазақстанның азаматтары оң қолын жүрек тұсына қояды деп көрсетілген.

Видео ЖПҚ-інің әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.

 

Без рубрики
Комментарий (0)
Добавить комментарий