Шымкент қаласы аумағында Құқықтық сауаттылықты арттыру акциясы және өмірлік маңызды дағдыларды жетілдіру мақсатында кезекті семинар-тренингі өтті.
Аталған сабаққа ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы Жазира Әлжанова, Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков, психолог-маман Жібек Сейдахан қатысты.
Іс-шара аясында: «Қазіргі уақытта нашақорлық қоғамдық ауқымдағы маңызды мәселе болып табылады. Жастар арасындағы нашақорлықтың әлеуметтік алдын алудың өзекті теориялық және қолданбалы мәселелері қарастырылады. Қазақстан жастарының өмір сүру салты, еліміздегі нашақорлық және жасөспірімдер қылмысы проблемасы, кәмелетке толмағандардың есірткіге құмарлығын қалыптастыруға ықпал ететін факторлар қарастырылады. Психбелсенді заттарды қолдануға бейім балалар мен жасөспірімдерді анықтауға мүмкіндік беретін ең тиімді әдістемелер, сондай-ақ жүргізілген зерттеулердің нәтижелері келтіріледі. Жасөспірімдерді салауатты өмір салтын ұстануға шақырамыз» ,-деп айтып өтті полиция майоры Бауыржан Карбеков.
Қазіргі таңда жастар қоғамды дамытудың барлық саласында белсенділік танытуда. Соған қарамастан, жастар арасында қылмыстың артуы, жағымсыз мінез-құлықтар мен әдеттердің көрініс алуы кездесуде. Сол себепті, жастарды салауатты өмір салтына бейімдеу үшін бұл мақсаттағы шаралар алдағы уақытта жалғасын табады.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі