Оқиға 2023 жылдың 4-қаңтарында, сағат 11:00 шамасында орын алған. Бейтаныс азамат «Samsung A10» ұялы телефонын қолдана тұрамын» деп, уақытша сұрап алып, кері қайтармаған.
Абай АПБ-ның кезекші бөліміне Алматы қаласының 42 жастағы тұрғыны арызданған. Ол арызында, қаладағы пәтерлердің бірін бірге жалдаған, яғни танысқанына небәрі бір апта толған жігіт «Samsung A10» маркалы ұялы телефонын қолдануға уақытша сұрап алып, заңсыз иемдену мақсатында оқиға орнынан бой тасалағандығын жазып көрсеткен. Келтірілген шығын көлемі – 80 000 (сексен мың) теңге.
Аталған жайт ҚР ҚК-тің 190-бабы 3-бөлігі 1-тармағымен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Тәртіп сақшылары жүргізілген жедел іздестіру іс-шарасы барысында күдіктінің ізін суытпай, бір тәулік ішінде қала аумағынан қолға түсірді. Ол Сарыағаш қаласының тұрғыны болып шықты. Жасы – 32-де, жоғары білімді. Уақытша жұмыссыз. Бұрын-соңды сотты болмаған.
Қазіргі кезде ұсталған азамат өз кінәсін толықтай мойындап отыр. Айғақты зат тәркіленіп, иесіне қайтарылды.
Полиция қызметкерлері күдіктінің басқа да осы тектес жайттарға қатыстылығын анықтауда. Тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.
Шымкент қаласы Полиция департаменінің Баспасөз қызметі