Әл-Фараби ауданды Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Жәбірленушінің айтуынша, аз уақыт танитын азаматша Шымкент қаласындағы оқу орындарының бірі арқылы бірден 3-курсқа өткізіп беретінін айтып сеніміне кіріп, алаяқтық жолмен алдын ала 900 000 (тоғыз жүз мың) теңгесін алған. Алайда уәдесін орындамай, ақшасында да кері қайтармай қойған.
Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚК-тің 190-бабымен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркеді.
Жедел-тергеу тобы жәбірленушінің арызына сәйкес, шұғыл іздестіру жұмыстарын жүргізді. Күдіктінің жеке басын анықтауға бағытталған барлық қажетті шараларды қабылдады. Нәтижесінде, Түркістан облысы Ордабасы ауданының 22 жастағы тұрғыны анықталып, жеткізілді.
Тергеу кезінде белгілі болғандай, ұсталған азаматша да студент. Жәбірленуші екеуі бір жоғарғы оқу орнында білім алады.
Қазіргі кезде күдікті өз кінәсін толықтай мойындап отыр. Достық қарым-қатынасты бұзып, заңсыз әрекетке баруына қаржы тапшылығы себеп болғанын және бұл үшін өкінетінін жеткізді. Тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі