2023 жылдың 31-қаңтарында Еңбекші ауданы Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Ол арызында, өзінің меншігіндегі ірі сауда орталығына белгісіз тұлға бірнеше рет ұрлыққа түскенін жазған. Сондай-ақ, қаңтар айында 6 күн ішінде сауда сөрелеріндегі 76 дана «Gillette» ұстараларын жасырын түрде байқатпай ұрлап кеткендігін көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 1 063 577 (бір миллион алпыс үш мың бес жүз жетпіс жеті) теңгені құрап отыр. Ұрлық жайты бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Аталған дерек ҚР ҚК-тің 188-бабы 2-бөлігімен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Криминалды полиция бөлімі қызметкерлері қылмысты ашу мақсатында оқиға орнына жедел жетіп, қажетті іс-шараларды жүзеге асырды. Осылайша, тәртіп сақшылары күдікті азаматтың тұрғылықты мекенжайын анықтап, тәулік ішінде қолға түсірді. Ол Шымкент қаласының 51 жастағы тұрғыны болып шықты. Жұмыссыз, бұрын соңды сотты болмаған.
Тергеу барысында күдікті өз кінәсін толықтай мойындады. Қазіргі кезде айғақты заттар тәркіленіп алынды.Тергеп-тексеру әрекеттері жалғасып жатыр.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі