Шымкент соты әйелін «неке түнінде ұрып өлтірді» деп айыпталған ер адамды 9 жылға соттады

18 мамыр күні Шымкент қаласының қылмыстық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әйелін «неке түнінде ұрып өлтірген» Серік Жанәлиевті кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырды.

Жанәлиев Азаттыққа тағылған айыпты мойындамайтынын, үкіммен келіспейтінін айтты.

«Серік Жанәлиев Қылмыстық кодекстің 106-бабымен («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») кінәлі деп танылсын. Жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтесін» деді судья Мадияр Әбдірәсілов.

Әбдірәсіловтің сотта түсіндіруінше, 2022 жылдың 26 маусымында Жанәлиев пен Сағида Байменова мұсылманша неке қидырған. Осы күні түнде жанжалдасып, Жанәлиев Байменованың жағы мен оң иегінің астынан екі рет ұрып абайсызда өлтірген. Бұл сот-медициналық сараптамамен дәлелденген.

Жанәлиев тағылған айыпты мойындамайды. «Үкіммен келіспеймін. Дәлелденген жоқ» дейді ол сотта.

«Қызымды өлтірді. 5 жасар немеремді тас жетім қалдырды. Одан бөлек айыбын мойындамай отыр. Айта алмаймын» деді марқұм Сағида Байменованың анасы дауысы дірілдеп.

27 мамырда прокурор соттан Жанәлиевтің бұдан бұрын өзге әйелді ұрып, Қылмыстық кодекстің 107-бабымен ( «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру») сотталғанын, бұл оған сабақ болмағанын, «тұрмыстық зорлық-зомбылыққа бейім» және «қоғамға қауіптілігін ескеріп» 11 жылға соттауды сұраған.

Сотта Жанәлиев пен оның туыстары өздерін фото-видеоға түсіруге қарсы болды.

Іс сотқа 2022 жылдың желтоқсан айында түскен.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий