30 мамырда Шымкент қалалық қылмыстық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қалалық полиция департаментіне тергеуге жеткізілген 30 жастағы Нұрболат Жұмабаевты «қызметін асыра пайдаланып, азаптап өлтірді» деген күдікпен айыпталған үш полицейді сот залынан үйқамаққа жіберді.
Бұған дейін олар абақтыда отырған. Енді сот тергеуіне үйқамақтан жеткізіледі.
Қылмыстық кодекстің «билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» (362-бап) және «азаптаулар» (146-бап) баптарымен күдікке ілінген Дәулет Аймешов, Уәлихан Жәнібеков, Дінмұхаммед Исаевтар соттан өздерін үйқамаққа босатуды сұраған еді.
Олардың адвокаттары істің сотқа түскеніне бір жыл болғанын алға тартып, «күзетпен ұстау шарасының мерзімі өтті» деп, Қылмыстық-процестік кодекстің «бұлтартпау шарасы туралы мәселенi шешу» бабына (342-бап) сілтеді.
Марқұм Жұмабаевтың ағасы, істе жәбірленуші деп танылған Жанболат Байеке мен оның қорғаушылары соттан айыпталушыларды үйқамаққа жібергенімен, арнайы күзетпен ұстауды сұрады. Іс бойынша жәбірленуші деп танылған марқұм Жұмабаевпен бірге ұсталған Сергей Петров соттан айыпталушыларды үйқамаққа жібермеуді сұрады.
Судья Светлана Шынәлиева айыптаушыларды үйқамаққа шығарғанымен, сот белгілеген арнаулы пәтерге жіберді. Оларды күзетпен ұстауды, сот отырысы мен медициналық көмек алудан басқа мақсатпен сыртқа шықпауды міндеттеді. Айыптаушыларға тағылған айып ауыр екені ескеріліп, қорғаушыдан және бала-шағасынан бөлек адаммен кездесуге, қандай да бір байланыс құралымен сөйлесуге тыйым салды. Сот мұны айып ауыр әрі олар қоғамға қауіпті деп түсіндірді.
Сот қаулысына айыпталушы Жәнібеков қарсы болды. Ол үйқамаққа өз үйіне жіберуді сұрады.
Бұдан бұрын осы үш полицеймен бірге «азаптаулар» бабымен күдікке ілінген Әлішер Өткіровті қалалық сот үйқамаққа шығарған. Ол сотқа өз үйінен келіп жүр.
Аймешев пен Жәнібеков – қалалық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы басшысының орынбасарлары лауазымын, Исаев Қаратау аудандық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің басшысы қызметін атқарған. Өткіров полиция департаментінде жедел уәкіл болып жұмыс істеген. Төртеуі де оқиғадан кейін жұмыстан босатылған. 2021 жылғы 27 желтоқсанда қамауға алынған.
Істі сот 2022 жылғы 30 мамырда өндіріске қабылдаған.
Прокурор айыптау актісінде экс-полицейлер «ұрлық» бабымен күдікті болған марқұм Нұрболат Жұмабаев пен Сергей Петровты ұстау кезінде және қалалық полиция департаментінің қабырғасында 35 минут шамасында қалай азаптағанын айтқан. Ол қылмыстық істі сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіміне тіркемей тергеу жүргізілгеніне тоқталған.
Бұдан бұрын судья айыпталушылар мен олардың қорғаушыларының және туыстарының өтінішімен журналистерге фото, видео, аудио жазуға тыйым салған.
2021 жылы 8 желтоқсанда Шымкент қалалық полиция департаментіне тергеуге жеткізіліп, сонда қайтыс болған Нұрболат Жұмабаев 11 желтоқсанда туған жері Қостанай қаласында жерленген. Марқұмның туыстары оны «полиция ұрып өлтірді» деп есептейді. Бұған дейін полиция «жауап алу барысында өзін нашар сезініп, жедел жәрдем келгенше есінен танып, қайтыс болды» деген. Полиция департаментінің сол кездегі бастығы Ералы Жұмаханбетов журналистерге «прокуратура мен өзіндік қауіпсіздік қызметі дене жарақатының бәрін қарап шыққан. Алғашқы кезде көрініп тұрған жарақат жоқ деп айтты» деген еді. Ал марқұмның мәйітін көрген туыстары денесі қанталап кеткенін айтқан.
Полицейлер Жұмабаевты серігі Сергей Петровпен бірге департамент ғимаратына қаладағы ұрланған бірнеше көлікке қатысы бар күдікті ретінде жеткізген. Петров бұған дейін ақпарат құралдарына Жұмабаев пен өзін полицейлер ұрып-соққанын айтқан.
Жұмабаевтың туыстарының Азаттыққа жіберген медициналық сараптама қорытындысында марқұмның қазасына үш жайт: «шок», «ұйқы безіне қан кету» және «ішінен алған жарақат» әсер етуі мүмкін деп көрсетілген. Мұны айыптау актісін оқыған прокурор да растаған.