Бұл туралы Еңбекші аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйел өз шағымында әлеуметтік желідегі жарнама арқылы, “WhatsApp” желісіндегі топқа қосылғанын, топтың әкімшісі кез-келген ақшаны екі еселеп көбейтіп беруге уәде бергенін көрсетті.
Өз құрбандарының сеніміне кіру үшін алаяқ жиі-жиі жалпы чатқа дәлелдеме ретінде ұтыс түбіртектерінің фотосуреттерін жіберіп отырған. Нәтижесінде күдікті оның 750 000 теңгесін алаяқтық жолмен өз есеп шотына аудартып алған. Содан алаяққа алданғанын түсінген тұрғын, бірден полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінді. Тәртіп сақшылары осы қылмыстың ашылып, күдіктінің ұсталуы бойынша жүйелі жұмыстар жүргізді.
Полиция қызметкерлерінің жедел әрекеті нәтижесінде, ер адам тұрғылықты мекен-жайында құрықталды. Тексеру кезінде күдіктінің осындай сылтаумен Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тағы 6 тұрғынын алдағаны анықталды. Белгілі болғандай жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі 2 500 000 теңгеден асады. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-ші бөлігі “екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалған алаяқтық” бойынша тіркеген.
Қазіргі таңда, аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Осы тұста полиция жәбірленушілердің саны артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Өз кезегінде полиция қызметкерлері алаяқтың құрбаны болмас үшінқырағылық танытып, бейтаныс адамға сенбеуді, оның арбауына түсіп қалмауды ескертеді. Сондай-ақ, өзге адамдарға ақша аударымдарын жасамауға және жеке мәліметтерді бермеуге кеңес береді.