Шымкентте 300-ден астам азамат жүргізуші құқығынан айырылды

Ағымдағы жылдың 4 айында Шымкент қаласының Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының Процессингтік орталығына 333 тұлғаға қатысты көлік құралдарын басқару құқығынан айыру туралы қаулылар мен үкімдер келіп түсті.

Оның ішінде 296 азамат әкімшілік құқық бұзушылық үшін жүргізуші құқығынан айырылды. Атап айтқанда, ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабы 3-бөлігі «Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу» бойынша 62 жүргізуші; ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабымен «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы» -179 тұлға; ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы «Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы» бойынша 9 азамат; ҚР ӘҚБтК-нің 613-бабы 4-бөлігі «ІІО қызметкерінің мас күйін куәландырудан өту туралы заңды талабын орындамау» бойынша — 19 адам жауапқа тартылған.

Ал қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін 64 адамға қатысты жүргізуші құқығынан айыру туралы үкім шығарылды. Оның ішінде ҚР ҚК-нің 345-бабы «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша 44 тұлға; ҚР ҚК-нің 346-бабымен «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы» 12 жүргізуші жазаланған.

Мәселен, Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері түнгі уақытта Жолан батыр көшесінде «Mazda» маркалы автокөлікті тоқтатқан. Тексеру барысында полиция қызметкерлері автокөлік салонындағы алкогольдің иісін байқаған. Наркологиялық диспансерде куәландыру нәтижелері бойынша жүргізуші орташа дәрежеде алкогольдік масаң күйде болғаны анықталған. Шымкент қаласы бойынша Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен ол ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша кінәлі деп танылды. Тәртіп бұзушыға қатысты әкімшілік қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза 15 тәулікке тағайындалды және көлікті басқару құқығынан 7 жылға айырылды.

Сондай-ақ, тәртіп сақшылары Жібек жолы көшесін патрульдеу барысында «Toyota Camry» маркалы автокөліктің жолдың қарама-қарсы қозғалысқа арналған жүріс бөлігі жағына шығып, қос жолақты кесіп өткенін байқаған. Жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жүргізушіні ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабына сәйкес жарты жылға жүргізуші куәлігінен айырды.

Өз кезегінде тәртіп сақшылары жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады және оларды бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі

Комментарий (0)
Добавить комментарий