Шымкентте алаяқ 4,5 млн теңгеге «дуадан айықтырып» берген

Екі жергілікті азаматша алаяқтықтың құрбанына айналған. Екі жағдайда да қаскүнем қайыр сұрап үйлеріне барған. Есікті ашқан бойда әйел тылсым күштер бұл үйде дуа барын сыбырлап жатқанын және оны тез арада алып тастамаса қайғы-қасірет болатынын айтқан.

Өтірікші көріпкел үй иелеріне тазарту рәсімін өткізу үшін олардың барлық алтындары қажет деп сендірген. Жәбірленушілердің айтуынша, ол зергерлік бұйымдарды қолына алып, бір нәрсе сыбырлаған болып, үйді айнала жүріп, біраз уақыттан соң ізін суытқан. Келтірілген шығын көлемі 4,5 млн теңгені құраған. Бұл туралы олар полицияға жүгінген.

Хабарды алған бойда тәртіп сақшылары бірден жедел-іздестіру шараларына кірісті. Үйдің маңайына орнатылған бейнебақылау камераларын тексеру барысында полицейлер алаяқтыққа қатысы бар азаматшаның таксиге отырып кеткенін анықтады. Содан көліктің мемлекеттік нөмірі арқылы такси жүргізушісінің жеке басын анықтап, онымен сұхбат жүргізген. Белгілі болғандай, ол әйелді үйіне дейін жеткізіп салған. Тәртіп сақшылары азаматшаны тұрғылықты жерінен ұстады.

Қазіргі таңда аталған жайт бойынша «алаяқтық» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Үшінгі мегаполистің полицейлері қала тұрғындарына: бейтаныс адамдарға сенбеуге, алаяқтардың мұндай айла-амалдарына түспеуге, бағалы заттарға мұқият болуға, дуаны алып тастайтын балгерлер туралы хабарландыруларға сенбеуге, әсіресе олармен сөйлеспеуге және оларды үйге кіргізбеуге кеңес береді.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі

Комментарий (0)
Добавить комментарий