Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Ол өз шағымында, белгісіз тұлғаның “мемлекеттік бағдарлама арқылы кезектен тыс пәтер алып беремін”, деп және “жағдайы төмен отбасыларға арналған арнайы көмектен 2 200 000 теңге алып беремін”, деп сеніміне кіру арқылы 445 000 теңге көлеміндегі ақшасын алып, осы уақытқа дейін алдап келгенін көрсеткен.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі бойынша тіркеуге алды.
Дәл осы жағдаймен полицияға бірнеше тұрғын шағымданып, алаяқтың арбауына түскенін жеткізген.
Анықталғандай 1 жыл ішінде Шымкент қаласының 3 түрғыны оның құрбаны болған. Олардың кейбіріне пәтерден бөлек, ұлын жұмысқа орналастырып беремін деп уәде еткен. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы сомасы 1 миллион 700 мың теңгеге жуық.
Келіп түскен ақпарат бойынша, алаяқты анықтау мақсатында тәртіп сақшылары жедел іздестіру шараларын жүргізді.
Нәтижесінде, Шымкенттік қырағы полицейлер күдікті ретінде Түркістан қаласының тұрғыны, егде жастағы әйелді ұстады. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде, Шымкент қаласының полицейлері, алаяқтық немесе басқа да қылмыстарды болдырмау үшін тұрғындарға қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді. Кез-келген адамға сенбей, өзінің жеке мәліметтеріне, құжаттарына сақ болуды ескертеді.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі