Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Ақмола облысының 24 жастағы тұрғынына қатысты қылмыстық іс қаралды.
Іс материалдары бойынша, ол өткен жылдың сәуір айында Шымкент қаласына келіп, қаладағы шағын аудандардың бірінде пәтер жалдап, ол жерден алдын ала сатып алынған психотроптық заттарды электронды таразыда өлшеп, бөлшектеп, содан кейін қала аумағында жасырынған жерлерге қалдырып отырған.
Осындай шығулардың бірінде оны полиция қызметкерлері ұстап алады. Ер азаматтан көк лентаға оралған ерекше иісті ұнтақ тәрізді заттар бар 15 қалташа алынды. Ол тұратын пәтерді қарау кезінде ас үйдегі шкафтан ақ түсті ұнтақ заты бар мөлдір полиэтилен пакеті, электронды таразы және ұнтақты зат бөлшектерінің іздері бар екі ақ қағаз алынды.
Сот-медициналық сараптамасының қорытындысы бойынша жеке тінту кезінде тәркіленген психотроптық заттың жалпы салмағы 14,624 грамды құрайтын аса ірі мөлшердегі меткатинон-4-метилетатинон (синонимі: мефедрон) екені анықталды. Сонымен қатар пәтерден тәркіленген психотроптық зат аса ірі мөлшердегі жалпы салмағы 40,92 грамм меткатинон-4-метилеметатинон болып шықты.
Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкінетінін жеткізді.
Сот айыпталушының өзінің қылмыстық ниетін тікелей қасақаналық түрінде жүзеге асырғаны, оның жасаған қылмысының себебі психотроптық заттарды сатудан (өткізуден) заңсыз пайда алу болып табылатынын анықтады.
Сот үкімімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 10 (он) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сотталушы жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі жоғары қатаң режимдегі мекемесінде өтейтін болады.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі