Шымкентте жалақысын өсіруді талап еткен теміржолшылар жұмысын уақытша тоқтатты (видео)

8 шілде күні Шымкентте «Қазақстан темір жолы – жүк тасымалы» акционерлік қоғамы филиалының жүзге жуық жұмысшысы жалақысын өсіруді талап етіп, жұмысын уақытша тоқтатты. Бұл туралы оқиға орнынан Азаттық тілшісі хабарлады.

Жұмысшылардың басты талабы — айлық жалақысын кемінде 250 мың теңгеге өсіру. Экологияға байланысты үстемақы қосып, зейнетке шығу жасын қысқартып, қосымша жұмыс істеген жағдайда ақысын бөлек төлеу. Жұмысшылар сонымен бірге жұмыс істеуге жағдай жасалсын деген талап та айтты. Шағымға 120 адам қол қойған. Олардың барлығы-дерлік темір жолды жөндеушілер.

Наразы топ арыз-шағымды Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен акционерлік қоғамға жолдайтынын жеткізді.

— Айлық жалақымыз 120-130 мың теңге. Күнкөріске мүлде жетпейді. Жетіскеннен шығып жатқан жоқпыз. Бала-шағамызды қалай асыраймыз? Әрбіріміздің басымызда несиеміз бар. Қалай өтейміз? Бірімізді осы үшін жұмыстан шығарса, бәріміз жұмысты тастаймыз, — деді наразылардың бірі.

Наразы топқа компанияның Нұр-Сұлтандағы орталық аппаратынан келген өкілдері шықты. Олар жұмысшыларды мәмілеге шақырып, темір жолшылардың залына алып барып, жағдайды түсіндіруге тырысты. Осы кезде жұмысшылар жалақы мәселесінен бөлек арнайы киімдерді де уақытында беруді талап етті.

— Міне, жилетіміз. Ауа өтпейді. Алты айда бір береді. Үш күнге жететін қолғапты да бір рет береді. Қалған уақытта өзіміз сатып аламыз. Осылай жұмыс істеуге бола ма? — дейді темір жол жөндеушілердің бірі Балғынбай Жұмахан.

Наразы топпен келіссөз жүргізуге келген компания өкілі Қайырбай Оралбаев жергілікті филиал әкімшілігінің жұмысшылармен қарым-қатынасы дұрыс емес екенін айтып, жалақы мәселесін басшылыққа жеткізетінін айтты.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий