Шымкенттік полицейлер балаларға мереке сыйлады

Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – әрқашан басты назарда. 2022 жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялады. Осы орайда шымкенттік полицейлер балалардың игілігі үшін олардың сапалы өмір сүруіне, қауіпсіз қоршаған ортада өсіп-өнуіне ықпал ету жолында бірқатар шаралар атқарып, еңбек етуде.
Шымкент қаласы Полиция департаменті Қазақстан полициясының 30 жылдығына орайластырылған 30 игі іс акциясы аясында және 1-маусым Балалар мерекесі қарсаңында балаларға қуаныш сыйлау және оларға қолдау көрсету мақсатында №4 балалар үйіне арнайы барып, құттықтады.
Өз кезегінде балалар үйінің тәрбиеленушілері арнайы дайындаған мерекелік концерт қойды. Балалар ән айтып, би билеп, өнерлерін көрсетті.
Сондай-ақ, балалар үшін түрлі шоу-бағдарламалармен қатар «ЖҚАЖ» арнайы мақсаттағы жасағының көрсетілімі ұсынылды. Сондай-ақ, балалар үшін сурет салу, арқан тарту және басқа да спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Бұдан өзге балалар үшін Полиция департаменті атынан арнайы спорттық жабдықтар мен үй кинотеатры сыйға тартылды.
«Бақытты бала – жарқын болашағымыздың кепілі. Сіздерді шын жүректен мерекелеріңізбен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық тілеймін, спортты серік етіп, сабақты жақсы оқуларыңызды сұраймын. Біз тыныштықтарыңызды қамтамасыз етіп, әрқашан қорғандарыңыз болып, бақытты балалық сыйлау жолында қызмет етеміз»,-деді генерал-майор Қайрат Дәлбеков.
Айта өтетін ақпарат, №4 балалар үйі 2019 жылдан Шымкент қаласы Полиция департаментінің арнайы қамқорлығында. Игі бастаманың арқасында балалар мен сақшылар тығыз байланыста. Осы уақыт аралығында полиция қызметкерлері балалар үшін көптеген ойын-сауық және спорттық іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Балалар үйінде бірнеше спорт түрлері бойынша үйірмелер ашылып, нәтижесінде тәрбиеленушілер республикалық деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындарға ие болуда. Ал 2021 жылы 9 сыныпты бітірген №4 балалар үйінің тәрбиеленушілері Стас Фролов пен Тимур Селезнев С.Рахимов атындағы Шымкент республикалық «Жас Ұлан» әскери мектебіне, ал жас түлек Александр Речинский Полиция департаментінің қолдауымен Б.Бейсенов атындағы ҚР ІІМ Қарағанды академиясына оқуға түсті.
Шара соңында 120 балаға арналған балаларға балмұздақтар үлестіріліп, мерекелік дастарқан жайылды. Өз кезегінде балалар үйінің тәрбиеленушілері қуанышты мереке сыйлаған полицейлерге рақмет айтып жұмыстарына табыс тіледі.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі

Комментарий (0)
Добавить комментарий