21 наурызда Сирияның Алеппо провинциясындағы Әл-Атариб қаласында госпиталь атқыланып, алты бейбіт тұрғын қаза тапты. Бұл туралы Халықаралық құтқару комитеті хабарлады.
Ақпаратқа қарағанда, қайтыс болған алты адамның арасында бір бала бар. Бұдан бөлек 16 адам, оның ішінде бес дәрігер жарақат алған.
Жексенбі күні таңертең Түркияның Қорғаныс министрлігі Сирияның үкіметтік артиллериясы Әл-Атарибдегі госпитальға соққы жасағанын мәлімдеді.
Госпитальға жасалған бұл шабуыл 2020 жылдың наурызында жарияланған Ресей мен Түркияның уақытша бейбіт келісімін бұзды.
21 наурызда Түркияның «Анадолу» агенттігі Сирияның солтүстік-батысында Ресейдің әуе соққысынан бір адам қаза болып, екеуі жарақат алғанын хабарлады. Ақпаратқа қарағанда, соққы май құю станциясына, жергілікті гуманитарлық ұйымдардың қоймаларына жасалған.
Atareb hospital, Al-Qah, Sarmada, Bab Al-Hawa. Russia wants to escalate tensions in the "de-escalation zone". https://t.co/GPSkGFBslj
— Levent Kemal (@leventkemaI) March 21, 2021
20 наурызда Халықаралық француз радиосы (RFI) түрік әскерлері Сирияның демократиялық күштері иелік еткен күрд аймағына соққы жасалғанын хабарлаған. Бұл Түркияның 2019 жылдың қазан айынан бергі алғашқы соққысы болды. Онда Анкара Сирияның солтүстігіндегі күрдтерге қарсы «Бейбіт бұлағы» деген операция бастап, оларды өз шекарасы аймағынан ығыстырған. Түркияның бұл операциясын НАТО өлкелері, оның ішінде АҚШ пен Франция айыптаған.
Сирияда азаматтық соғыс 2011 жылы басталған. «Адам құқықтары бойынша Сирия обсерваториясының» мәліметі бойынша одан бері 380 мыңнан астам адам қаза болса, олардың 115 мыңы бейбіт тұрғын болып есептеледі.