Назаровтардың пансионатында бүгінде 34 қарт бар.
Осыдан төрт жыл бұрын Өскеменде жалғызбасты қарттарға арналған жеке-меншік пансионат ашылды. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандарды Елена мен Андрей Назаровтар өз үйлеріне кіргізді. Елена пансионаттың директоры әрі қарттардың күтушісіне айналды. Қажыр мен қайраттан бөлек, физикалық күшті талап ететін бұл жұмысты 25 жылдан бері арбада отырған әйел атқарып жүр. Бұл туралы “Өскемен жаңалықтарына” сілтеп Stan.kz хабарлайды.
Еленаның мамандығы музыкант болғанымен, ол мамандығы бойынша ешқашан жұмыс істемеген. Жастай тұрмысқа шықты, балалы болды. 1987 жылы жиырма жасында ұлды, араға төрт жыл салып қызды болды. Ал 1992-де аяқ астынан аяғының істемей қалғанын білді.
Дәрігерлер бір ай бойы оған не болғанын анықтауға тырысты. Елена мен Андрей үміттенгенімен, дәрігерлер қойған диагноз көңіл көншітпеді. Елена Назарова 25 жаста мүгедек болып қалды.”Өмірді көріп үлгермедім де”, – дейді ол.Еленаның өмірден түңілуге мүмкіндігі де, хақы да болған жоқ. Себебі ұлы небәрі 4-те, ал қызы емізулі еді. Оған қоса, күйеуі Андрей оған қолғабыс етіп, қолдау көрсетіп отырды. Мүмкіндігі шектеулі болса да, Елена атқаратын жұмыс тапты. Телефон арқылы тапсырыс қабылдайтын диспетчерге айналды.Ал қарттар үйін ашу идеясын Еленаға құрбысы айтқан. Әрі-бері ойлана келе, ол күйеуімен ақылдасып, бір шешімге келді. Ұл-қыздарын жан-жаққа жіберген ерлі-зайыптылар екіқабатты үйді кәдеге жаратуды ойлады.
“Бірақ мұндай шешімге келу мен үшін оңайға соққан жоқ”, – дейді әйел.
Сонымен Назаровтар 2014 жылы жеке пансионаттарын ашты. Бірінен бірі естіген қариялар Назаровтардың үйіне қарай асықты. Олардың қатарында денсаулықтарында ақауы барлар да кездеседі.
Адам саны көбейіп кеткен соң, Назаровтар қыздарының үйінен тағы бір пансионат ашты. Бір жағынан дені сау әрі науқас қарияларды бөлу үшін де екі ғимарат қажет болған-ды. Себебі денсаулығында ақауы бар қарияларға ерекше күтім керек екенін білесіздер.
Елена Назарова қарттардың күтушісіне айналды. Өзі арбаға таңылған әйелдің науқас адамдарға қалай қарайтынын елестетудің өзі қиын. Бірақ күйеуімнің қолдауының арқасында қолымнан келді, дейді әйелдің өзі.Қарияларға қажетті заттарды ыңғайластыру үшін екінші үйді жөндеуден өткізуге тура келді. Соңғы екі жылдың ішінде онда монша, екі асхана мен веранда пайда болды. Ал қарттарға қарайласуға Еленаға қызы мен келіні көмектеседі.
Сондай-ақ, Назарованың қарамағында күтуші мен аспаздардан құралған жеті адам жұмыс істейді. Екі үйде де бейнебақылау камералары орнатылған. Денсаулығы мүмкіндік бермеген күні, Елена оларды таспадан бақылап отырады.
Назаровтардың пансионатында бүгінде 34 қарт бар, он үшінің денсаулығы жақсы және жиырма бірі науқас. Қарттардың дені 80-нен асқан.
“Өз әжем 93 жаста. Әлі күнге дейін өзін күтеді, тіпті еденді өзі жуады. Қариялармен жұмыс істеуге сол кісі жігерлендіреді. Өзі тыл ардагері, орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Әлі күнге дейін атам туралы естеліктер мен өлеңдер жазады”, – дейді Елена Назарова.