Содырдың қолынан аман қалған алматылық жүргізуші көзімен көргендерін баяндады (видео)

Жүргізуші Мұрат. Скриншот Алматы арнасы

Кешегі, 18 шілдеде Алматыдағы атыстың куәсі болған көлік жүргізушісі өз көзімен көргендерін Алматы арнасына баяндап берді деп хабарлайды NUR.KZ.

Аман қалған азаматтың айтуынша, содыр тұрақта тұрған көлік жүргізушісіне қару кезеніп, көлігін босатуын талап еткен. Содырдың бұл қылығын әу баста қалжың деп ойлаған жүргізуші, автоматпен оқ атылған соң қашуға тура келгенін айтады.

«Көлікте отырғанмын, автоматпен келді. Өзім түсінбей қалдым. Біреу ойнап жатыр ма деп ойладым. Осыдан кейін маған шық деді. Мән бермей отырғанмын, бір уақытта атты. Содан кейін шықтым. Көліктің есігін ашып, машинаға қайта келді. Бірақ көліктің есігін жауып қайтадан кетіп қалды», — дейді Мұрат есімді көлік жүргізушісі.

Белгілі болғандай, содыр көлікті алмай әрі қарай жаяу кеткен екен.

Еске сала кетейік, 18 шілде күні күндізгі сағат 11 шамасында Алматыда полицейлер мен белгісіз адамдар арасында атыс болды. Салдарынан 5 адам қаза тапты.

Осыдан соң, қалалық ІІД Алматы қаласы бойынша антитеррорлық операция жүргізіліп жатқанын хабарлап, қалада террорлық қауіп-қатердің қызыл белгісін енгізді.

Алматыдағы атысқа бұрын адам өліміне қатысты болған 27 жастағы Қызылорда облысының тумасы кінәлі деп айтылуда. Кейін ІІМ Алматыдағы атысқа қатысы бар екінші күдіктінің қолға түскенін растады.

Ал Алматы қаласында террорлық қауіптің қызыл деңгейі алынып тасталды.

Алматыдағы лаңкестік оқиға бойынша барлық жаңалықтарды мына жерден таба аласыздар

Без рубрики
Комментарий (0)
Добавить комментарий