Сот Қытай консулдығы алдында 100-күн наразылыққа шыққандарды тағы жазалады

Алматы қаласы ауданаралық әкімшілік соты 18 мамыр Қытай консулдығы алдына наразылыққа шыққан алты адамға айыппұл салып, біреуіне ескерту берді, біреуінің ісін қысқартты. Бұл туралы Азаттыққа олардың адвокаты Шыңқуат Байжанов хабарлады.

Адвокаттың сөзінше, сот Гүлнәр Қосдәулет, Гүлбаран Өмірәлі, Гүлпия Қазыбек, Нұрзат Ермекбай, Жәмила Мәкенге 30 айлық есептік көрсеткіш (87 мың теңге) мөлшерінде айыппұл салып, одан соң 30 пайыз жеңілдікпен 61 550 теңге төлеуге міндеттеген. Ал Ақиқат Қаллиоллаға 41 мың теңге айыппұл тағайындаса, Қали Ақытханға ескерту берген.

Сот оларды «бейбіт митинг өткізу заңын бұзды» (Әкімшілік кодекстің 488-бабы) деп айыптады.

— Біз айыбымызды мойындаған жоқпыз және ешқандай айыппұлды төлемейтінімізді айттық, — деді Гүлнар Қосдәулет Азаттыққа.

Полицияға жеткізілген Байболат Күнболатұлы «митингіге қатысқан жоқ, тек видеоға түсіріп жүрді» деп, судья оның ісін қысқартқан.

Алматы қаласының әкімшілік соты да, полиция департаменті де бұл жағдайға қатысты ресми мәлімдеме таратпады.

18 мамырда сағат 11-ге қарай Шыңжаңдағы туыстарының суреттерімен қоса қазақ, қытай, ағылшын және орыс тілінде «100 күн» деп жазылған плакат ұстаған бірнеше адам Алматыдағы Қытай консулдығы алдына жиналды. Полиция қызметкерлері олардың жолын бөгеп, консулдыққа жақындатқан жоқ. Наразылар дипломатиялық мекеме маңында тұрып, талаптарын айғайлап айтты.

Наразылардың кейбірі туыстарының Шыңжаңдағы «саяси қайта тәрбиелеу»лагеріне қамалғанын айтса, кейбірі «негізсіз айыптармен» көп жылға сотталғанына, енді бірі Қытай билігі Шыңжаңдағы туыстарының құжаттарын тартып алып, Қазақстанға шығармай қойғанына шағымданады. Олар Қытайдан жақындарын босатуды талап етеді.

Бейбіт шараны аяқтап, консулдық маңынан кетіп бара жатқан оларды полиция ұстап әкетіп, бөлімшеге жеткізген.

Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрағандардың наразылық акциясы жүз күнге жалғасса да, Қытай дипломаттарынан ешкім оларға жолығып, сөйлескен жоқ.

Қазақстан Қытай консулдығы алдына кеп жүргендерді осымен екінші рет жазалады. Өткен аптада Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдындағы наразылық акциясына қатысқан Байболат Күнболатұлы, Жеңіс Зарқан, Алмахан Мырзанқызы, Нұрзат Ермекбайқызы айыппұл алған. Сот Ақиқат Қалиолла, Гүлпия Қазыбекқызы және Тұрсынгүл Нұрақайға ескерту берген. Судья оларды «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны» үшін жауапқа тартқан.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий