Сот журналист Думан Мұхаммедкәрімді тағы 25 тәулікке қамады. Ол аштық жариялады

28 мамырда Қонаев соты “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды” (488-бап, 12-бөлігі) деп айыпталған журналист Думан Мұхаммедкәрімді 25 тәулікке қамады. Бұл жөнінде жексенбі күні кешке Азаттыққа адвокат Ғалым Нұрпейісов хабарлады.

Оның айтуынша, әкімшілік іске журналист қамауда отырған кезде – 6 және 15 мамырда Ne deidi YouTube-арнасында жарияланған видео «негіз болған». Онда журналист “үйде отырмаңдар, өз құқықтарыңды қорғаңдар” деп айтқан.

– Біз сотты офлайн өткізуді талап еттік. Бірақ сот құлақ асқан жоқ. Думанға ешқандай хабар берілмеген. Шақыру бермеген. Қылмыскер сияқты дүкен алдынан көлікке күштеп отырғызып, ұстап алып кеткен. Бұл заңсыз. Сотты осыны да айттық. Бірақ ескерілген жоқ, – деді адвокат.

«Не дейді?» (ND) арнасының авторы Думан Мұхамедкәрімді полиция жексенбі күні Ащыбұлақтағы дүкен алдынан ұстап әкеткен еді. Адвокаттың айтуынша, Думан Мұхаммедкәрім өзін заңсыз ұстауға байланысты аштық жариялаған.

Наурыздағы парламент сайлауынан бері ол осымен үшінші рет 25 тәулікке қамалып отыр. Соңғы рет 1 мамыр күнгі оппозиция митингісі қарсаңында қамалып, 26 мамырда ғана бостандыққа шыққан еді.

Қазақстанда құқық қорғаушылар билікті «бейбіт жиын өткізіп, пікірлерін ашық айтқысы келгендерді, билікке наразыларды қудалайды» деп жиі сынайды. Ресми Астана елде саяси қудалау барын жоққа шығарады.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий