26 жастағы Ош тұрғыны Диана алаяқтардың сөздеріне сеніп, Түркияда сексуалдық құлдыққа тап болған. Ол өзінің басынан өткен оқиғасын «Мигрант. Медиа» жобасына айтып берді.
Диананың айтуынша, Шахзода есімді таныс әйел Түркияда қарт әйелге күтуші керек екенін, қызметіне қомақты ақша төленетінін айтып, Стамбұлға барып жұмыс істеуге ұсыныс білдірген.
«Ол маған сен онсызда екі баламен үйде отырсың. Стамбұлға бар, ақша тап, үй сатып аласың деп Мавлюда деген әйелдің телефонын берді. Ол мені үш ай бойы Стамбұлға баруға үгіттеді», — дейді Диана.
Диана Стамбұлға ұшар кезде, айына 300 доллар көлемінде ақша аласың деген. Бұл Ошта жұмыссыз отырған әйел үшін қомақты ақша көрінген. Алайда, Стамбұлға келген бетте, оның құжатын алып алған.
«Бізді Стамбұлдағы Кумкапы деген ауданға әкелді. Үшінші күні ұйқымнан оянған кезде, сөмкемде төлқұжатымды таппадым. Төлқұжатымды қайтар дегенде, мені күтіп алған Умида деген келіншек, сені Мавлюдадан сатып алғанмын деп айтты», — дейді Диана.
Бір аптадан кейін Диана өзін қамап ұстаған үйден қашып кетеді. Оған бейтаныс ер адам көмектескен. Ол бірден полицияға барған. Стамбұлдағы Қырғызстан елшілігі отанына қайтуға көмектескен. Диананың туыстары оны Стамбұлға баруға үгіттеген адамдарға қарсы полицияға арызданған. Бірақ полиция ешқандай әрекет жасамаған.
«Алдын ала тергеу жұмысы кезінде бірде бір қылмыстық әрекеттер табылмады. Қылмыстық іс қозғауға негіз болмады. Материал аудандық прокуратураға жіберілді», — деді Ош облысы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Диананың күйеуі Мәскеуде жұмыс істейді. Ол бұл оқиғаны естіп, әйелімен ажырасатынын айтқан. Қазір мүлдем телефон соқпайды дейді Диана.