Страсбург сотында Ресейге қарсы сотта жеңген тәжік тумасы депортацияланды

Адам құқықтары жөніндегі еуропалық сотта Ресейге қарсы істе жеңіске жеткен тәжік тумасы Бахтиёр Усмонов Ресейден депортацияланды.

Ресей билігі Усмоновты азаматтық алған уақытта «жалған мәлімет көрсетіп, құзырлы органдарды алдады» деп айыптап, оны 2018-2020 жылдары мигранттарды уақытша орналастыру орталығында ұстаған. 2020 жылдың аяғында Страсбургтегі адам құқықтары жөніндегі еуропалық сот Ресейді Бахтиёр Усмонов азаматтығын қайтарып, оған 11 мың евро айыппұл төлеуге міндеттеді.

Усмоновтың немере ағасы Абдугани Бехнаевтың 25 қазанда Озоди радиосына хабарлауынша, Ресей билігі 23 қазанда Бахтиерді Новгород облысынан Душанбеге депортациялаған. «Еуропалық сот оның тергеу изоляторында айыпсыз екі жыл отырғанын, өтемақы алуы тиіс екенін дәлелдеді. Алайда Ресей оны депортациялай салды», — деді ол.

Ресей билігі осы әрекетіне қатысты мәлімет берген жоқ.

Еуропадағы мигранттардың құқықтарын қорғайтын белсенді Фарход Одинаев күрес бұнымен бітпейтінін айтты.

«Ресей Еуропалық сот шешімінің дұрыс емес екенін дәлелдей алмады, Бахтиерді депортациялау арқылы жауапкершіліктен қашты. Бірақ бұл іс әлі біткен жоқ, біз мәселені Еуропалық сотта тағы көтереміз», — деді Одинаев.

Бахтиёр Усмонов 2007 жылы Ресейге көшіп, осы елдің азаматтығын алған. Енді оның Ресейге оралуға құқығы жоқ, бірақ әйелі мен балалары Новгородта қалды.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий