Алматыда Аграрлық университетінің жатақханасында болған студент өліміне қатысты сот басталмай жатып, кейінге қалды деп хабарлайды КТК арнасы.
Өйткені, марқұм Дидар Болысбектің туыстары келген жоқ. Ал айыпталушы орындығында сол университеттің жалғыз студенті отыр
17 жастар Дидар Болысбектің өліміне кінәлі деп айыпталып отырған Тойчыбек Асамов -Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Ол өзіне тағылған айыптың қаншалықты ауыр екенін түсінбейтін де сияқты. Жүзінен қорқыныш байқалмайды. Есесіне анасы өзін қоярға жер таппай жүр. Ол ұлымды ұрып-соғып мойындатты дейді.
«Бәрі мойындап жатыр деп алдаған. Соған сеніп қалған. Ал босап кеткендердің бірінің әкесі полиция, екіншісі әкімнің баласы. Қалталылардың баласы еркіндікте тек диқанның баласы қамауда отыр«, — дейді Тойчыбек Асамовтың анасы Саламат Асамова.
Саламат Асамова тіпті марқұм мен ұлының дос болғанын айтып отыр. Дәлел ретінде екеуінің суреттерін ала келген.
«Міне Дидармен түскен суреттерін көріңіздер. Қайтыс болған бала осы. Менің балам Дидар менің бауырым деп отыр«, — дейді Тойчыбек Асамовтың анасы Саламат Асамова.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға сәуірдің 11-і болған. Қазақ ұлттық аграрлық университетінің жатақханасында үлкен курстың студеттері, бірінші курстың ұлдарын сабап, салдарынан кәмілет жасына да толмаған тараздық Дидар Болысбек көз жұмды.
Күдіктілер де бірден ұсталып, әлімжеттік жасағандарын мойындаған. Бірақ 14 маусымдағы сот отырысында, айыпты ретінде тек Тойчыбек Асамов қаралып жатыр. Ал процесс марқұмның туыстары келмегендіктен басталмай жатып аяқталды.
Судья прокурорға келесі процеске жәбірленуші тараптың міндетті түрде қатысуын тапсырып, отырысты 19-шы маусымға шегерді.
Ал, бүгін сот залынан бір студенті ажал құшып, енді бірі сотталып жатқан аграрлық университеттің басшылығы көрінбеді. Алматыға арман қуып келген білімгерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай отырған оқу орны үшін бұл қалыпты жағдай болса керек.